Мұғалімдерге қатысты стереотиптер мен шындық: Жас ұстаздың ойлары

0
41

TikTok желісінде басталған трендке мұғалім өз ойымен бөлісті деп жазады democracy.kz тілшісі.

Мұғалім – қоғамдағы ең маңызды, бірақ көп жағдайда түсініспеушілікке тап болатын мамандықтардың бірі. Бір жас мұғалімнің өз кәсібіне қатысты пікірлері мен кездесетін мәселелері туралы айтқан видеосы мұғалімдерге деген көзқарасты қайта қарауға шақырады. Онда ол бірнеше өзекті мәселелерді қозғап, стереотиптерді жоққа шығарады.

“Ата-ананың пікірі әрдайым дұрыс” деген қате түсінік

Мұғалімнің пікірінше, ата-аналардың барлық жағдайда дұрыс деп есептелуі білім беру процесіне кедергі келтіруі мүмкін. Әр бала үйде ата-анасының тәрбиесін алады, бірақ мектепте ол мұғалімнің жауапкершілігінде болады. Сондықтан екі тарап та өзара түсіністік пен ынтымақтастықта болуы маңызды.

Басшылықтан сын есту – жаман мұғалім екеніңнің дәлелі емес

Көп жағдайда мектеп басшылығынан сын естіген мұғалім өзін кәсіби тұрғыда жеткіліксіз сезінуі мүмкін. Жас ұстаздың ойынша, мұндай сыннан қорықпау керек, өйткені ол кәсіби дамуға мүмкіндік береді. Басшылықтың пікірі әрдайым объективті емес болуы мүмкін, сондықтан оны өзін-өзі жетілдіру құралы ретінде қабылдау қажет.

Басшылықтағы мұғалімдердің “біз андай едік, мынандай едік” дегеніне сенбеу керек.Жас мұғалім аға буын өкілдерінің өзінің жастық шағын идеализациялауына күмәнмен қарайды. “Бұрынғы мұғалімдер мықты еді” деген пікірлер қазіргі жастарды кәсіби тұрғыда төмендетуге негіз болмауы керек. Әр заманның өз ерекшелігі бар, және бүгінгі ұстаздар да сол заманауи талаптарға сай жұмыс істеп жатыр.

Мұғалім де – адам

Бұл қарапайым, бірақ өте маңызды ой. Мұғалімдер өздерінің жеке өмірі, эмоциялары мен қажеттіліктері бар адамдар. Олар тек сабақ өткізетін емес, қоғамның толыққанды мүшелері.

ТикТок-та видео түсіру – тәрбиеге кері әсер етпейді

Мұғалімдерге әлеуметтік желілерде белсенді болуға қатысты қоғамда қате пікір қалыптасқан. Жас ұстаздың айтуынша, ТикТок-та немесе басқа платформаларда видео түсіру міндетті түрде нашар үлгі көрсету дегенді білдірмейді. Керісінше, мұғалімдер әлеуметтік желіні тәрбиелік, мотивациялық құрал ретінде пайдалана алады.

Бала тәрбиесінің негізі – отбасында

Мұғалім балаларға білім береді, бірақ олардың негізгі тәрбиесі үйден басталады. Ата-ананың рөлі бұл жерде шешуші. Мұғалім отбасының орнын баса алмайды, бірақ ата-анамен бірлесіп, баланы дұрыс жолға бағыттай алады.

Мұғалімдердің “миллиондап айлық алады” деген миф

Қоғамда мұғалімдердің жалақысы жоғары деген қате түсінік бар. Жас ұстаздың айтуынша, мұндай пікірлер шындыққа сәйкес келмейді. Мұғалімдердің табысы көпшілік ойлағандай миллиондаған теңгені құрамайды және олардың жұмысы көбінесе шамадан тыс жүктемемен өтеді.

Бұл видеода жас мұғалім мамандыққа қатысты қоғамдағы стереотиптерді бұзып, шынайы жағдайды көрсетуге тырысады. Мұғалімдерге түсіністікпен қарап, олардың еңбегін бағалау – қоғам үшін маңызды қадам. Ұстаздың беделі мен жағдайын жақсарту тек білім беру сапасын арттыруға емес, сонымен қатар жастардың болашағына да оң әсер етеді.

Қуанышова Аяжан Серікқызы


ПІКІР ЖАЗУ