Астанада «Ең әдемі киім – ұлттық киім» көрмесі ашылды

0
35

Елордадағы ҚР Президенттік орталығында Республика күні қарсаңында «Ең әдемі киім – ұлттық киім» атты ұлттық-этнографиялық көрменің салтанатты ашылуы өтті. Бұл шара — ҚР Президенттік орталығы мен «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің бірлескен ауқымды еңбегінің жемісі. Көрме ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен жүйелі жұмыстардың, соның ішінде бұған дейін еліміздің бірнеше өңірінде өткен «Киелі кимешек» көрмесінің заңды жалғасы болып табылады.

Көрменің ашылу салтанатына 500-ге жуық адам жиналды. Олардың қатарында шетелдік елшілік өкілдері, Құрылтай депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Ұлттық кеңес пен Ұлттық әйелдер комиссиясының мүшелері, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ зиялы қауым, музей басшылары, белгілі дін қайраткері Нұрлан имам, өнер жұлдызы Сәкен Майғазиев, ұстаздар мен студенттер болды. Сондай-ақ, еліміздің өзге өңірлерінен да арнайы ат терлетіп келген қонақтардың қарасы қалың болды.

Көрменің басты құндылығы — елімізге белгілі этнодизайнер, бізкесте өнерінің шебері, ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері Тілек Сұлтанның қолынан шыққан бірегей туындылар. Экспозицияның інжу-маржаны ретінде шебердің көпжылдық ізденісі нәтижесінде этнографиялық негізде қайта жаңғыртқан сәукелесі көрермен назарына ұсынылды. Көздің жауын алатын бұл жәдігерлер тек қолөнер туындысы емес, тарих пен талғамның тоғысқан мекені іспетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл көрменің қоғам үшін жүгі ауыр, маңызы терең. Соңғы уақытта жиі айтылып жүрген «қазақ қоғамында әйелдің құқығы шектелген» деген біржақты пікірлерге бұл шара тарихи жәдігерлермен, бұлтартпас айғақтармен жауап берді.

Қазақтың ұлттық киімі — қыздың қоғамдағы орнын, әйелдің мәртебесін, жас ерекшелігі мен отбасындағы рөлін айқындайтын үлкен пәлсапа. Көрме экспонаттары арқылы қазақ әйелінің қыздан келінге, келіннен анаға, анадан әжеге дейінгі бүкіл өмір жолы, танымы мен талғамы нәзік кестемен, зерлі қамзолмен және құнды әшекейлермен өрнектеліп көрсетілді.

Көрме залына жиналған жұртшылықтың ықыласы ерекше болды. Әсіресе, үлкендердің ақ батасы мен жастардың ұлттық мұраға деген ерекше қызығушылығы ұйымдастырушыларға үлкен демеу берді. Келушілер «Ұлттық киімдер көздің жауын алады», «Қазақ қыз-келіншектерінің қадірін осындай мұралар арқылы танытып отырсыздар» деген жүрекжарды лебіздерін білдіріп, көрменің еліміздің барлық өңірлерін аралауын тіледі.

«Ұлттық құндылықты ұлықтау деген әдемі сөзбен бітпейді. Оның артында көзге көріне бермейтін қаншама еңбек, жауапкершілік пен уайым бар. Көрмеге дейін қатты уайымдап, шаршаған сәттер болды, ал ашылу салтанатында халықтың ықыласын көріп, қуаныштан көзіме жас алдым. Ұлт үшін атқарған ісіңнің мәнін халықтың осы ақ ниетінен түсінесің. Ұлт құндылығы — ескіліктің көзі емес, ұлттың жарқын болашағы», — дейді ұйымдастырушылар.

Шара соңында көрменің жоғары деңгейде өтуіне үлкен қолдау көрсеткен ҚР Президенттік орталығының директоры Темірболат Бақытжан Берікпайұлына, оның орынбасары Ботагөз Қаюповаға, орталық ұжымына және игі істің басы-қасында болған барша жанашыр азаматтарға ерекше алғыс айтылды.

«Ең әдемі киім – ұлттық киім» ұлттық-этнографиялық көрмесі бір ай бойы жалғасады. Жоба авторлары бұл көрменің алдағы уақытта Қазақстанның өзге де қалаларында жалғасын табуына тілектес серіктестер мен қолдаушыларды бірге жұмыс істеуге шақырады.


ПІКІР ЖАЗУ