Психологтарға арналған жаңа заң жобасы мақұлданды

Интернет желісінен
Қазақстанда әлеуметтік желі арқылы біркүндік курстарды оқып алып, адам жанын емдеуге кіріскен жалған мамандардың дәурені бітті. Парламент Сенаты «Психологиялық қызмет туралы» жаңа заң жобасын мақұлдады. Бұл құжат елдегі психологиялық көмек нарығын ретке келтіріп, азаматтардың денсаулығы мен құқығын қорғауға бағытталған.Жаңа заңның ең басты жаңалығы – Бірыңғай мемлекеттік тізілімнің (реестрдің) құрылуы. Енді арнайы жоғары білімі мен дипломы жоқ адамдарға өзін «психолог», «коуч» немесе «кеңесші» деп атауға ресми түрде тыйым салынады. Әрбір маман бұл тізімге ену үшін өз біліктілігін дәлелдеп, тек ғылыми немесе дәлелді әдістермен ғана жұмыс істеуге міндеттеледі.Сонымен қатар, заң аясында мамандардың жарнамасына да шектеу қойылады. «Мәселені 1 күнде шешемін» немесе «100 пайыз нәтиже беремін» деген сияқты жалған уәде бергендер заң алдында жауапқа тартылады. Жаңа әдеп кодексіне сәйкес, клиенттің құпиясын әлеуметтік желіде жариялаған психологтар жауапкершілік арқалап, біржола реестрден шығарылады. Тағы бір маңызды тұсы – психологтарға емделушіге медициналық диагноз қоюға және дәрі-дәрмек жазуға қатаң тыйым салынады. Бұл қадам психологиялық қызмет көрсету саласының сапасын арттырып, халықтың кәсіби және сенімді көмек алуына жол ашпақ.







