Профориентация: Мамандық таңдау қаншалықты маңызды?

0
7

Қазіргі қоғамда жастар арасында мамандықты тек диплом алу үшін ғана оқитындар аз емес. Кейбіріне түскен мамандығы мүлдем ұнамаса, енді бірі тек ҰБТ балы жеткен грантқа амалсыз түседі.

Бала өмірінде кәсіби бағдар алудың маңызы қандай және қателікке бой алдырмау үшін не нәрсені ескеру керек? Бұл сұрақтарға профориентолог Оспанова Динара «Pinecast» подкастында жауап берді.

Сарапшының сөзінше, мектеп бітіруші түлектердің басты мәселесі — мамандықты дұрыс таңдай алмауы. Бұл қиындық тіпті жоғары оқу орнын аяқтаған жас мамандардың арасында да жиі кездеседі. Ол мәселенің туындау себебі ретінде ата-ананың шектен тыс ықпалын, жеткіншектер арасындағы мамандықты романтизациялауын (көзсіз қызығуын) және грант саны көп бөлінген салаларға жастардың жаппай ағылуын атап өтті.

Динара Оспанова дұрыс таңдалмаған мамандық елдегі маман тапшылығына әкелетінін ескертеді. Мұндай үрдісті болдырмау үшін елде профориентация саласын дамытып, мамандар даярлау және әр мектепке кем дегенде үш профориентологтан жұмысқа алу қажет. Бұл мамандар оқушыларға бағыт-бағдар беру үшін география, медицина, физиология сияқты бірнеше әлеуметтік салаларды жақсы білуі тиіс. Аталған ғылымдарды меңгерген сарапшылар баланың бейімі мен таңдауына қарай арнайы тексеріс жүргізе алады. Сонымен қатар, профориентологтар тек мамандық қана емес, сәйкес келетін оқу орындарын таңдауға да көмектеседі.

Сұқбат барысында маман өзінің жұмыс әдісімен де бөлісті. Оның әдістемесі бойынша, бала мамандықты өзі таңдауы керек.

«Менің жұмысым — балаға мамандық таңдап беру емес, оған өзін тануды үйрету», — дейді спикер.

Мамандығын қате таңдаған жандар өмірге қанағаттанбағандықтан, стресске көп түсіп, тіпті онкологиялық ауруларға тез шалдығады екен. Бұл — медициналық тұрғыдан дәлелденген теория.

Осы орайда сарапшы баласына көмектесемін деп қысым жасайтын ата-аналар мен оқушыларға арналған 5 маңызды кеңесті ұсынады:

1. Қабілетті ескеру: Мамандықты баланың физиологиялық және психологиялық ерекшеліктеріне байланысты таңдау.

2. Мақсатқа сай болу: Таңдалған сала адамның арман-мақсатына жауап беруі керек. Ата-ана бұл ретте баланың арманына тұсау болмауы тиіс.

3. Бәсекеге қабілеттілік: Нарықта сұранысқа ие, заманауи маман болуға ұмтылу.

4. Сапалы дайындық: Таңдаған бағыт бойынша жақсы дайындықтан өту.

5. Gap year (Бір жылдық үзіліс): Бағыты әлі айқындалмаған түлектерге асықпай 1 жыл үзіліс алып, өз жолын табуға мүмкіндік беру.


ПІКІР ЖАЗУ