Астанада ғылым мен инновацияларға арналған CASIB өңірлік конференциясы өтті

17-18 қараша күндері Астанадағы Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығы мен Qazaq AI Research University базасында ғылым, зерттеулер және инновациялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған CASIB өңірлік конференциясы өтті. Іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Орталық Азияның тұрақты инновациялар бюросы (CASIB), Мартин Лютер атындағы Галле-Виттенберг университетінің Қазақстандағы өкілдігі және Astana Hub бірлесіп ұйымдастырды.
Конференция Германия мен Орталық Азия елдерінің ғалымдарын, ғылыми қорлардың, халықаралық ұйымдардың, жоғары оқу орындарының және бизнес өкілдерін біріктірді. Іс-шараның негізгі мақсаты – халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, зерттеу нәтижелерін практикалық қолданысқа енгізу және өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған бірлескен инновациялық жобаларды дамыту..Конференцияның ашылуында Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы елшілігі, Германияның Зерттеулер, технологиялар және ғарыш федералдық министрлігі (BMFTR), Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілдері, сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Ренат Елшібеков сөз сөйледі.
Іс-шара бағдарламасы аясында Германияның Зерттеулер, технологиялар және ғарыш федералдық министрлігі (BMFTR), Германияның ғылыми-зерттеу қоғамы (DFG) және Еуропалық одақ қаржыландыратын ғылыми жобалар таныстырылды. Аталған зерттеулер су ресурстарын тиімді пайдалану, топырақ сапасын жақсарту, ауыл шаруашылығын дамыту, қалалардың климаттық тұрақтылығын қамтамасыз ету және цифрлық денсаулық сақтау бағыттарын қамтиды.
Конференция барысында халықаралық ғылыми альянстарды дамытуға және жас ғалымдарды қолдауға ерекше назар аударылды. Қатысушылар ғылыми гранттар, халықаралық тағылымдамалар мен бірлескен зерттеу жобаларына қатысу мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар Германияның халықаралық ынтымақтастық қоғамы (GIZ) мен Орталық Азиядағы серіктестері арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою көзделген.







