«Аспаннан шашылған доллар — ұйымдастырылған спектакль»: Экономист Жангелді Шымшықов елдегі ахуалға баға берді

0
37

Экономист Жангелді Шымшықов «Адырна» ұлттық порталына сұхбат беріп, елдегі соңғы саяси жағдайларға байланысты пікір білдірді. Аспаннан 7-8 сөмке доллардың шашылуын экономист:

«Сыбайлас жемқорлықтың шектен шыққан көрінісі», – деп атап, бұл жағдайды: «Алдын ала ұйымдастырылған спектакльге ұқсайды», – деп бағалады.

Шымшықов: Үкіметтің ішінен үкімет ашудың керегі жоқ

Елдегі жемқорлықты жою үшін Шымшықов мемлекеттік басқару жүйесін қадағалайтын мемлекеттік халықтық бақылау органы жұмыс істеуі керек деп есептейді. Сонымен қатар ол өз сөзінде «Самұрық-Қазына» ұйымының жұмысы туралы:

«Үкіметтің ішінен үкімет ашудың керегі жоқ», – деп пікір білдіріп, аталған ұйымның атқарған жұмысы мен ел экономикасына тиімділігін ешкім дәлелдемегенін айтты.

Автокөлік зауыты неге Қазақстанда ашылмады?

Сұхбат барысында экономист халық байлығының жартысынан көбі 162 адамның қолында деген Президент сөзін тілге тиек етіп, шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтаруда әлемдік тәжірибе мен арнайы ұйымдар жұмыс істейтінін жеткізді. Сонымен қатар Жангелді Шымшықов 90-жылдары шетелдік компаниялармен жасалған келісімшарттар жеке мүдде үшін болғанын атап өтіп, қазір Өзбекстанда жұмыс істеп тұрған оңтүстіккореялық автомобиль кәсіпорны елімізде жемқорлықтың кесірінен салынбағанын жеткізді.

Қазақстан экономикасының бүгінгі жағдайы қалай?

Үкімет 2029 жылға дейін халықтың әл-ауқатын арттыруды жоспарлаған болатын. Соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, ел экономикасы 2,8%-ға ғана өскен. Ал бастапқы жоспарға сәйкес халықтың әл-ауқаты кем дегенде 6%-ға өсуі тиіс болған.

Экономист Орталық Азия елдері арасында халық әл-ауқатының өсу қарқыны бойынша Қазақстан соңғы орында екенін айтты.

Қазақстан байлығы неге халықтың тұрмысын жақсартпай тұр?

1991 жылы ЮНЕСКО зерттеуі бойынша Қазақстан өнім өндіруден әлемде 50-орында болған. Ауыл шаруашылығы 38%-ды құраса, мал басы 50 миллионға жетіп, Қазақстанда жылына 1 миллион тонна ет өндірілген. Оның 673 мың тоннасы шетелге шығарылған. Ал бүгінде Қазақстан азық-түліктің 60%-ын шетелден алдырады.

Шымшықов елдің бүгінгі жағдайына қазақ ауылының құлдырауы мен жайылымдық жерлердің жекеменшікке өтуі себеп дейді. Бұл жағдайдың алдын алу үшін әр аймаққа арналған мемлекеттік шаруашылық жүйесін ашу керек дейді.

Аяулым Тастанбек


ПІКІР ЖАЗУ