15 қараша – Ұлттық валюта күні

0
19

1993 жылы 15 қарашада айналымға енген теңге бүгін 33 жасқа толды. Осы уақыт ішінде ұлттық валюта бес сериямен жаңарып, әр кезеңде елдің тарихы мен мәдениетін өз бетінде бейнеледі.

Ең алғашқы банкноттар
Ең алғашқы мемлекеттік купюралар 1 теңгеден 100 теңгеге дейінгі аралықтағы қағаз ақшалар болды. Оларда халқымыздың ұлы тұлғалары бейнеленді. Мәселен, 1 теңгеде – Әбу Насыр әл-Фараби, 3 теңгеде – ақын Сүйінбай Аронұлы, 5 теңгеде – Құрманғазы Сағырбайұлы, 10 теңгеде – Шоқан Уәлиханов, 20 теңгеде – Абай Құнанбайұлы, 50 теңгеде – Әбілқайыр хан, ал 100 теңгеде Абылай ханның портреті бейнеленді. Уақыт өте келе, 1994 жылы номиналдар қатарына 200 және 500 теңгелік, ал 1995 жылы 1000 теңгелік купюралар қосылды. Бұдан бөлек, банкноттарда Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар бейнеленді.

Алғашқы валютаның бағамы қандай болды?
Ұлттық Банктің бастапқы есебі бойынша 1 теңге 1000 рубльге бағаланған болатын. Алайда елдің сол кездегі саяси-әлеуметтік жағдайын ескере келе, 1 теңге 500 рубльге  тең болып бекітілді.

Теңге дизайнының өзгеру кезеңдері
Теңге өзінің 33 жылдық тарихында 5 негізгі сериямен жаңартылды
• «Портреттер» сериясы (1993 ж.). Жоғарыда айтып өткеніміздей, алғашқы банкноттарда тарихи тұлғалар бейнеленді.
• «Әл-Фараби» сериясы (1993–2003 жж.). Бұл кезеңдегі ірі номиналды банкноттардың беткі жағына ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің бейнесі орналастырылды.
• «Бәйтерек» сериясы (2006 ж.). Дизайн түбегейлі өзгеріп, банкноттардың беткі жағында «Астана-Бәйтерек» монументі, ашық алақан және мемлекеттік рәміздер бейнеленді.
• «Самұрық» сериясы (2011–2022 жж.). Бұл сериядағы банкноттарда «Қазақ Елі» монументі, самұрық құсы және еліміздің көрікті жерлері көрініс тапты.
• «Сақ стилі» сериясы (2023 жылдан бастап). Ежелгі көшпенділер мәдениеті мен сақ өнеріне негізделген жаңа серия қолданысқа енді. Банкноттарда Қазақстан аумағындағы қорғандардан табылған алтын бұйымдар мен жануарлар әлемінің нышандары бейнеленген.

Алғашқы банкноттардағы ұлы тұлғалардың портреттерінен бастап, бүгінгі сақ өнерінің өрнектеріне дейін теңге дизайны елдің өз тарихына көзқарасымен бірге өзгеріп келеді. «Сақ стилі» сериясы әлі кезең-кезеңімен айналымға енгізіліп жатқандықтан, теңге бейнесінің жаңа тарауы жалғасын табуда.

Тастанбек Аяулым Шалхарқызы 

 


ПІКІР ЖАЗУ