14 қараша -Әлеуметтанушылар күні

Бүгін, 14 қараша —әлеуметтанушылар күні. Бұл күннің тарихы 1901 жылдан басталады. 1901 жылы 14 қарашада Парижде Орыс қоғамдық ғылымдар жоғары мектебі ашылды. Бұл мектеп әлемдегі алғашқы әлеуметтану факультетінің үлгісі деп саналды. Ал әлеуметтанушылар күні алғаш рет 1994 жылы Санкт-Петербург университетінде аталып өтілген. Аталмыш күн кәсіби мереке ретінде Ресейде және кейбір ТМД елдерінде тойланады.
Әлеуметтану ғылымы бойынша әлемге әйгілі ғалымдар
• Огюст Конт — «әлеуметтану» терминін ғылымға алғаш енгізген француз ғалымы. Ол қоғамды жаратылыстану ғылымдары сияқты нақты заңдылықтарға сүйеніп зерттеу керек деп есептеген.
• Макс Вебер — бюрократияны, дінді және билік түрлерін зерттеген неміс ғалымы. Оның «Протестанттық этика және капитализм рухы» еңбегі әлемдік ғылымдағы классикалық туындыға айналды.
• Эмиль Дюркгейм — әлеуметтану ғылымының негізін қалаушылардың бірі. 1897 жылы жарық көрген «Өзін-өзі өлтіру» еңбегінде ол суицидті жеке емес, әлеуметтік құбылыс ретінде қарастырды. Статистикаға сүйене отырып, адамның қоғаммен байланысы әлсірегенде немесе қоғамда дағдарыс болғанда мұндай жағдайлардың көбейетінін дәлелдеді.
Қазақстандық белгілі әлеуметтанушылар
• Бахтияр Алдашов — әлеуметтану ғылымдарының докторы, 40-қа жуық ғылыми еңбектің авторы. Ол қазіргі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық процестер мен нарықтық жағдайдағы халықтың өмір сүру сапасын зерттейді.
• Баян Смағамбет — әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, Қазақстан әлеуметтанушылары ассоциациясының мүшесі. Ол еңбек ұжымдарындағы қарым-қатынас, басқару мәдениеті және әлеуметтік құрылым мәселелерін зерттеумен айналысады.
• Зарема Шәукенова — әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі. Ол әлеуметтану, этносоциология және әлеуметтік психология салаларындағы іргелі зерттеулерімен танымал.
Бүгінде әлеуметтік зерттеулер қоғамның барлық саласына тікелей әсер етеді. Сондықтан елдегі өзекті мәселелерді ғылыми тұрғыда зерделейтін әлеуметтанушылардың еңбегі қашанда зор!







