Елордада «Томирис» ұлттық балетінің әлемдік премьерасы өтеді

Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Астана Опера» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері композитор Хамит Шаңғалиевтің музыкасына солист әрі дарынды хореограф Сұлтанбек Ғұмардың қойылымындағы «Томирис» ұлттық балетінің әлемдік премьерасын ұсынады. Ауқымды спектакль көрермендерге ұлы сақ патшайымының ерлігі, дала өркениетінің рухы, бостандық пен адалдық жолындағы күрес жайлы баяндайды. Премьера 26-27 қарашада театрдың Үлкен залы сахнасында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді.
Бұл арнайы «Астана Опера» үшін театрдың өз күшімен дайындалған алғашқы толық форматты ұлттық балет болмақ: театр композиторы Хамит Шаңғалиевтің музыкасы мен Сұлтанбек Ғұмардың хореографиясы қатар жасалып, біртұтас дүниеге айналуда. Музыкада қолданылатын сыбызғы, сазсырнай сынды ұлттық аспаптардың үні мен хореографиядағы еркіндік көрермендерге қазақтың ұлан-ғайыр даласының рухын сезіндіреді.
Томиристің бейнесі көптеген суретші мен ойшылдарды шабыттандырған: Геродот ол туралы егжей-тегжейлі әңгімелеген, сондай-ақ оның тарихына басқа да ежелгі авторлар жүгінген, ал еуропалық өнерде ол күш-қайрат пен әділдіктің бейнесі болып қалды.
Осы ретте С.Ғұмар «Томирис» балетін қою өзі үшін зор мәртебе және сонымен бірге үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
– Театр тарапынан осынау ауқымды ұлттық балетті сахналау туралы ұсыныс түскенде кеудемді зор тебіреніс сезімі кернеді. Өйткені Томирис – өзінің батылдығымен, ақыл-парасатымен және Отанын сыртқы жаулардан қорғаудағы ерлігімен тарихта өшпес із қалдырған бірегей тұлға. Томиристі тарихи кейіпкер ретінде ғана емес, қазіргі заманда қоғамға қажетті дағдылардың толық кейсі ретінде көремін. Томирис басына түскен ауыр сынақтарға қарамастан, жүрегіндегі елі мен жеріне деген сүйіспеншілікті, баласына деген аналық сезімді сақтай білді, – деп әңгімеледі қоюшы хореограф.
«Томирис» балетінің либреттосын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал драматург Ермек Аманшаев парсы патшасы Кирді жеңген сақ-массагет тайпаларының әйгілі патшайымы Томирис туралы ежелгі аңыздар мен тарихи деректер негізінде жазған. Оқиға желісі көрерменді біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырдағы қазақ даласына жетелейді. Шығарманың өзегінде массагеттер патшайымы Томиристің, оның ұлы Спаргапистің және амазонкалар көсемі Арнаваның тағдыры суреттеледі. Кир әскерінің басып кіруі халықтың бейбіт өмірін бұзады. Томирис туған жерін қорғау үшін әскердің басына ұлын аттандырып, өзі ауыр сынақтарға тап болады.
Балетте түрлі стильдер қамтылған, онда заманауи хореография да, қазақ биінің және классикалық би элементтері де кездеседі. Спектакльде қарқынды билер, көпшілік сахналар өте көп, сондықтан кордебалеттің атқаратын жұмысы орасан зор болмақ. Қоюшы хореографтың айтуынша, әртістердің құлшынысы өте жоғары, барлығы премьераға жауапкершілікпен келуде, өздеріне тапсырылған рөлдерді шеберлікпен орындауға тырысуда.
– Премьераға дейін санаулы апта қалды, сондықтан қазір олардың алдында тұрған маңызды міндет – хореографияны қысқа мерзімде тез меңгеру, – деді қоюшы. Ол өз сөзінде әртістердің әрбір қимылдың мағынасын түсінуіне баса мән беретінін, десек те осыған дейін қойған балеттеріндегі секілді мұнда да солистерге еркіндік бергенін жасырмады.
Айта кетейік, премьера күндері Томиристің басты партиясын София Әділханова мен Торғын Лебен орындайды. Спаргаписті Досхан Зәйдін мен Ислам Қайыпбай таныстырады. Кирді Айдан Қалжан мен Жақсылық Сауқымбеков ұсынады (сондай-ақ ол бірінші күні Томиристің күйеуі Рустам баһадүрдің партиясын орындайды, екінші күні бұл бейнеде Амир Хван өнер көрсетеді). Амазонкалардың қолбасшысы Арнаваны таныстыруға Алина Зырянова мен Лимара Айдарова дайындалуда (сонымен қатар ол 26 қарашада Мартуды таныстырады, ал келесі күні бұл бейнеде Амина Кисембаева өнер көрсетеді). Шамандарды Ерсұлтан Тойғұлов, Нұрлытаң Руслан мен Абай Юсупов жүзеге асырады.
Хореограф Сұлтанбек Ғұмармен бірге қойылымдық топ құрамында кәсіпқой мамандар жұмыс істеуде. Әртістерді киіндіру ісі костюмдер бойынша суретші Дариға Тайшықоваға жүктелген, ал сахна жабдығымен және жарықпен безендіру тұжырымдамасымен жапониялық сценограф Йоко Сеяма айналысуда. Музыкалық редактор және әрлеуші – Әлібек Әлпиев, жарық бойынша суретші – Валентин Бакоян. Әдеби кеңесші — Марко Марокко (Италия). Жобаның техникалық жетекшісі – Виктор Караре.
– мен Премьералық спектакльді жасауға атсалысып жатқан қойылымдық топтың барлық мүшесіне, театр цехтарына, әртістерге зор ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне, «Астана Опера» басшылығына және өзіміздің балет труппамыздың көркемдік жетекшісі Алтынай Абдуахимовна Асылмұратоваға қолдауы үшін алғысымды айтқым келеді. Бұл премьерадан күтетінім өте көп, балеттің ойдағыдай өткенін және көрермендердің ықыласына бөленгенін қалаймын. Біздің басты мақсатымыз аудиторияны халқымыздың тарихына бойлату, патриоттық сезімдерін арттыру. Сондықтан елордамыздың барлық тұрғыны мен қонақтарын премьерада күтеміз, — деп қорытындылады С.Ғұмар.
«Томирис» балетінің әлемдік премьерасын ұсына отырып, елордалық театр өз репертуарының ұлттық қойылымдармен толығуына айрықша мән беретінін тағы бір мәрте дәлелдей түседі. Хореограф ретінде «Астана Операда» өсіп-жетілген және Қазақстанның классикалық балетінде өзінің бірегей ұлттық қолтаңбасымен ерекшеленген дарынды жас Сұлтанбек Ғұмардың жаңа қойылымы еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиғаға айналатыны сөзсіз.







