Алатау қаласын дамыту туралы заң күшіне енді

Алатау қаласының ерекше құқықтық режимі туралы Конституциялық заң күшіне енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алатау қаласының ерекше құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді. Жаңа заңнамалық база шаһардың қарқынды әрі жүйелі дамуына құқықтық жағдай жасайды.Ақорда таратқан мәліметке сәйкес, бұл Конституциялық заң арқылы Алатау қаласын басқарудың мүлдем жаңа үлгісі енгізілді. Құжатта кәсіпкерлік, кеден ісі, цифрлық активтер, құмар ойын қызметі, әлеуметтік сала, қаржы нарығы, сәулет және қала құрылысы, экология, қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ мәдениет пен спорт салаларын реттеудің негізгі бағыттары нақты белгіленген.Сонымен қатар, заң аясында қала үшін арнайы «Алатау резиденті» деген ерекше құқықтық мәртебе енгізілді. Бұл мәртебеге ие болатын тұлғалар мен компанияларға сәйкес құқықтар беріліп, нақты талаптар қойылады. Болашақта қаланың инвестициялық және технологиялық дамуын қамтамасыз ету мақсатында Алатауды дамытудың ұзақ мерзімді бас жоспары аясындағы ауқымды жобалар талқыланып, іске асырылмақ.







