«Сынақтарға сынбау: балалар әдебиетіндегі позитивті ойлау феномені»

0
51

Бұл фәниде сынақ пен қиындықсыз өмір сүрген адам болмаған шығар, сірә?! Кез келген адамның ұзынды-қысқалы ғұмырында үлкенді-кішілі қиындықтар мен мәселелер туындап отырады. Және оны әр адам әртүрлі қабылдайды. Бірі қолын сілтеп беріле салса, екіншісі қиындыққа қасқая тұрып, берілмеуі мүмкін, ал енді бірі шеті мен шегі жоқ шағымдарымен айналасын шаршатуы мүмкін. Дегенмен мұндай жандардан бөлек, көп дүниеге қатты мән бермейтін «позитивті» адамдар да бар. Олар қиындыққа мойымайды және әлемді басқаша көреді, әр нәрсенің жақсы жағын ғана байқайды.

Дей тұрғанмен, бұл қасиет көп адамға туа бітпейді. Көзқарастарың мен таным көкжиегіңді кеңейте отырып, үлкен «тәжірибеден» кейін барып соған қол жеткізуге болады. Позитивті ойлау түсінігі қарапайым психологияда кеңінен таралған ұғым болғанымен, ол көркем шығармаларда, әсіресе балалар әдебиетінде ерекше орын алады. Мысал ретінде канадалық жазушы Люси Мод Монтгомеридің «Көк шатырдағы Әнн» кітабы мен америкалық жазушы Элинор Портердің «Поллианна» романын атауға болады. Екі кітаптың да басты кейіпкерлері Әнн Ширли мен Поллианнаның тағдырлары ауыр, екеуі де кішкентайынан жетім қалған қыздар. Соған қарамастан, олар түрлі қиындыққа шыдап, өмірге деген шынайы махаббаттарын жоғалтпайды. Керісінше, айналасына одан сайын ғашық бола түседі.

Осы тұста екі кейіпкер бірдей деген жаңсақ түсінік қалыптаспау керек екендігін еске сала кетейін. Олардың өмір жолдары мен мінез-құлықтары ұқсас келгенімен, өзіндік ерекшеліктері де жетіп артылады. Алдымен «Поллианна» шығармасының басты кейіпкеріне тоқталсақ, ол бір «ойын» ойлап табады. Ойынның шарты бойынша, сіз кез келген оқиғаның бір жақсы жағын табуыңыз қажет. Мәселен, Поллианнаның ата-анасы кедей болатын, соның салдарынан оның қымбат заттарға қолы жетпейді. Кейіннен әке-шешесінен айырылған ол анасының әпкесі Поллидің үйіне көшіп келеді. Сонда Поллианна бұрын-соңды өзінің бай болмағанына қуанады. Өйткені кедейліктің дәмін татпағанда, Полли әпкесінің үйіндегі заттар оған ғажайып көңіл күй сыйламас еді. Міне, бұл — позитивті ойлаудың бір көрінісі. Көп жағдайда біз оптимистік позицияны ұстана алмаймыз, себебі адам әр нәрседен қауіптеніп жүруге бейім. Сонымен қатар негатив позитивке қарағанда адамға қатты әсер етеді. Нәтижесінде басқа жақсы оқиғаларға назар аудармай, күні бойы тұнжырап жүруіміз де мүмкін. Егер сізде осындай қиындық болса, кішкентай Поллианнаның ойынын ойнап көруге кеңес беремін!

Келесі кезекте «Көк шатырдағы Әнн» кітабының басты кейіпкері Әнн Ширлидің ойлау жүйесіне назар аударайық. Әнн — қызыл шашты, бетінде секпілі бар, аса қиялшыл кішкентай қыз. Ол ата-анасынан жастай айырылып, жетімдер үйін паналайды. Бір күні оны Марилла және Мәт Катберт деген әпкесі мен інісі «қателесіп», ұл баланың орнына асырап алады. Сол сәттен бастап Әннің өмірі түбегейлі өзгереді. Оның өмірге асқан махаббат және драматизммен қарауы, яғни «өмірді романтизациялауы» оқырманды таңғалдырмай қоймайды. Дегенмен Әнн Поллианнамен салыстырғанда өмірге және өзіне «абсолютті махаббатпен» қарамайды. Ол бастапқыда өз келбетін көп сынайды, өзін басқа қыздармен көп салыстырады. Тіпті есімін де аса жақтыра қоймай, өзін сүйікті ханшайымы Корделияның атымен атауды өтінеді. Әнн өзінің шынайы болмысын ұзақ уақыт қабылдай алмай, керісінше, сыртқы әлемдегі сұлулықты ғана мақтауды жөн көретін. Әрдайым қиялданып, өз әлемінде жүретін Әннің бұл қылықтары оны жаман яки тартымсыз кейіпкер етпейді. Керісінше, автордың кейіпкерін осылай барлық қырынан жасырмай ашқандығы Әннді оқырман көзінде сүйікті әрі ерекше етеді десек, жалған болмас!

Біз екі кейіпкерге қарап, өз болмысыңды шынайы қабылдау, айналаңа мейірім мен жылулық тарату, өмірді сүю туралы өзгеше әрі жаңа түсінік қалыптастыра алдық деген ойдамын.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің 1-курс магистранты Айдана Пәржан


ПІКІР ЖАЗУ