Әлемдік танымал телеарна енді қазақ тілінде хабар таратады.

Қазақ тілі әлемдік БАҚ-тың хабар тарату тіліне айналды. «Euronews» ақпараттық телеарнасы ресми түрде қазақ тілінде хабар таратуды бастады. Аталған медиажелі дүниежүзінің 160-тан астам елінде, 14 тілде ақпарат таратады. Ана тіліміздің әлемдік медиа кеңістігінде жаңғыруы — еліміздің халықаралық тұғырын биіктете түсері сөзсіз.Ауқымды жобаның ресми түрде іске қосылуы қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Euronews» директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидті Ақорда резиденциясында қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысы телеарнаның халықаралық деңгейдегі беделі мен ақпарат таратудағы бейтараптық, объективтілік қағидаттарын жоғары бағалады. Президент бұл қадамды «өзара тиімді ықпалдастықтың және Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы мәдени-рухани байланыстың жарқын көрінісі» деп атап өтті.







