Елордада флейта музыкасының кеші өтеді

0
24

«Астана Опера» 14 қарашада елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына Flute Time флейта музыкасының концертін ұсынады. Бұл күні Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасына театрдың симфониялық оркестрінің дарынды әртістері мен шақырылған аспапшы музыканттар көтеріледі.  Кеш тыңдармандарға флейтаның түрлі стильдер мен музыкалық бейнелердегі сан қырлы үнін тыңдауға мүмкіндік береді.
Жоба авторы – симфониялық оркестрдің жарқын әртісі, флейташы Балжан Сапарованың айтуынша, «Астана Операда» флейта кеші театр ашылғалы бері тұрақты түрде өткізіліп келеді және оның басты мақсаты флейта аспабын насихаттау болып табылады.

– Өкінішке қарай, флейтаның үні скрипка, фортепиано немесе тағы басқалары секілді жеке аспап ретінде жиі естіле бермейді. Алайда флейта репертуары техникалық күрделілігі, драматизм тереңдігі мен құштарлық жалыны тұрғысынан олардан еш кем түспейді. Флейта – адамзат тарихындағы ең көне аспаптардың бірі, оның үні адам дауысына өте жақын, ол музыкамен бірге тыныстай алады. Оркестр көлеңкесінен шығып, сахнаның толыққанды патшайымына айналуға флейтаның мүмкіндігі жетеді. Біздің басты ұстанымымыз – театрымыздың төл флейташылар тобының қуаты мен жоғары шеберлігін көрсету. Оркестрімізде күн сайын ағымдағы репертуарда орасан зор жұмыс атқарып жүрген тамаша, жоғары білікті музыканттар еңбек етеді. Бұл концерттің идеясы – әрбір музыкантқа өз өнерін көрсетуге және жеке орындаушылық әлеуетін ашуға мүмкіндік беру.

Бағдарламаға флейта мен фортепианоға арналған, сондай-ақ оркестрмен сүйемелденетін керемет туындылар еніп отыр. Атап айтсақ, Ж.Бизе-Ф.Борнның «Кармен» операсының тақырыптарына фантазия, Дж.Юдің «Фантазиясы», А.Допплердің «Венгр фантазиясы» және тағы басқа туындылар кешке көрік береді. Сондай-ақ тыңдармандар шақырылған музыкант – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор, флейта өнерінің дамуына үлкен үлес қосқан, осы аспапта ойнаған алғашқы флейташылардың бірі Бекболат Байсағатовтың орындауында Т.Альбинонидің «Адажиосын» тыңдауға мүмкіндік алады. Ал В.Цыбиннің №3 концерттік аллегросы мен К.Граупнердің Альт пен флейтаға арналған концертінің «Астана Опера» сахнасындағы премьерасы флейта музыкасының жанкүйерлері үшін нағыз тосынсый болмақ.

– Владимир Николаевич Цыбиннің шығармалары – бұл таңғажайып шеберлікті талап ететін флейта репертуарының абсолютті шыңы. Осы ретте №3 Аллегро өзінің ауқымдылығымен, тереңдігімен және оны Рахманинов музыкасына өте жақын ететін орысқа тән шынайы кеңдігімен тәнті етеді. Орындаудың Валерий Григорьевич Киктаның оркестрлік өңдеуінде шырқалуы бұл оқиғаны тарихи мәнге ие етеді: Кикта – қазіргі заманның мойындалған классигі, оның оркестрді, сондай-ақ арфа мен үрлемелі аспаптар колоритін сезінуі Цыбин музыкасының монументалдылығын керемет айшықтайды, – деп атап өтті Балжан Сапарова.

Концертте премьералық нөмір – Ф.Мартеннің флейта мен фортепианоға арналған «Балладасын» орындайтын Аида Әбдіқадырова осынау эмоциялық шығарманың барлық тереңдігін жеткізуге тырысатынын айтты.

– Швейцариялық композитор осы еңбегін 1939 жылы арнайы Женева музыкалық байқауы үшін жазған. Бұл туынды трагедиялық, үрейлі сипатқа ие драмалық музыкалық баяндау болып табылады. Музыка Екінші дүниежүзілік соғыстың алдын ала сезілуін, сол кезеңдегі аласапыран, үрей мен қасіретті бейнелейді. Франк Мартен бұл туындыда флейтаның тембрлік, техникалық және динамикалық мүмкіндіктерін керемет шеберлікпен ұштастырған. Өзімнің өнер көрсетуімде мен шығарманың жарқын, сонымен бірге терең эмоциялық сипатын толықтай паш етуге тырысамын, — деді музыкант.

Ал оның әріптесі Жанбота Балғабеков Flute Time концертіне қатысу өзі үшін сахнаға солист ретінде оралуға жақсы мүмкіндік екенін атап өтті.

– Симфониялық оркестрдегі жұмыс көбіне ансамбльдік-топтық сипатқа ие екенін атап өткім келеді. Оркестрде басқа да аспаптар тобымен өзара әрекет етесің, оркестрлік-орындаушылық тәжірибеге қажетті белгілі бір дағдыларды дамытасың. Опера театрында көрермен назары, әдетте сахнада өз рөлін орындайтын опера мен балет солистеріне ауатындықтан, оркестрдің бір бөлшегі болуға психологиялық тұрғыдан бойың үйренеді. Бұл жолы мен сахнаға қайтадан солист ретінде ораламын. Бұл мүлдем бөлек сезім деп айта аламын, өйткені барлық назар бізге аударылады. Бұл әсерді көпшілік алдында сөз сөйлейтін адамдардың сезімімен салыстыруға болады: мұнда мазмұнынан бастап интонациясына дейін не және қалай айтқаныңды бәрі талдап отырады. Бұл – мен үшін тебіреністі оқиға. Өйткені соңғы рет АҚШ-та, Линн музыка консерваториясында оқып жүргенде жеке өнер көрсеткен едім. Мен онда The Philadelphia Orchestra флейталар тобының концертмейстері, профессор Джеффри Хейнердің класында оқыдым. Сол кезде мен Concerto Competition байқауында Карл Нильсеннің Флейта мен оркестрге арналған концертін орындаған болатынмын. Алдағы өнер көрсетуді табиғи ортама қайта оралу деп айтуға болады. Өйткені біз мектеп қабырғасынан бастап, кафедра алдындағы семестрлік емтихандарға және халықаралық байқауларға дейін барлық оқу жылы бойы жеке орындаушылыққа тәрбиелендік.

 

– Өзім опера театрында еңбек ететіндіктен, Жорж Бизенің «Кармен» операсы репертуарымда ерекше орын алады. Концертте осы опера тақырыптарына жазылған Франсуа Борнның фантазиясын орындаймын. Бұл шығармамен соңғы рет осыдан бірнеше жыл бұрын профессор Хейнермен бірге жұмыс істеген едім, енді міне, оған өз орындауымдағы музыкалық туындының нәтижесін жеткізу мен үшін ерекше қуаныш болмақ. Бұл музыка тыңдарманға да жарқын эмоциялар сыйлайды деген үміттемін, — деп қорытындылады Жанбота Балғабеков.

Сонымен қатар концертке театр оркестрінің әртістері – флейташы Алима Абеуова мен скрипкашы Айгерім Ерғалиева, шақырылған әртістер флейташы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жібек Сапарғалиева, альтшы Гүлнар Тілеуғабылова, пианист Дана Әбдіқадырова қатысады. «Астана Опера» симфониялық оркестрі дирижер, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзиннің басқаруымен өнер көрсетеді.
Осынау музыкалық кеште Алима Абеуова француз композиторы Жорж Адольф Юдың (Georges Hüe, 1858–1948) флейта мен фортепианоға арнап 1893 жылы жазған «Фантазиясын» (фр. Fantaisie) орындайды.

– Туынды біртуар француз флейташысы Поль Таффанельдің тапсырысы бойынша жасалды және осынау аспапқа арналған академиялық репертуардың алтын стандартына орнықты түрде енді. Бұл – француз романтизмі мен XIX ғасырдың аяғындағы импрессионистік үрдістер стиліндегі концерттік пьеса / фантазия. Шығарма лиризмімен, нәзік виртуоздылығымен, тембрлік бояулардың байлығымен және ерекше франциялық кербезділігімен ерекшеленеді, – деп атап өтті аспапшы музыкант.
Концерттің басталуы 17.00-де.


ПІКІР ЖАЗУ