«Астана Опера» сахнасында заманауи ұлттық хореография мен әлемдік классика ұсынылады

Астана Опера» 6 қарашада екі бөлімдегі Балет кешінің мазмұнды бағдарламасын таныстырады. Үлкен зал сахнасында көрермендердің назарына әлемдік классика жауһарларынан үзінділер және де жарқын ұлттық нөмірлер ұсынылады. Сондай-ақ көрермендерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хамит Шаңғалиевтің музыкасына театр солисі әрі хореограф Сұлтанбек Ғұмардың қойылымындағы «Мәңгіліктің төрт сыры» ұлттық балетінде жас әртістің дебюті күтеді.
Гала-балеттің авторлық бағдарламасын балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова құрды. Оған П.Чайковскийдің «Щелкунчигі» (Ю.Григоровичтің хореографиясы), «Аққу көлі» (М.Петипаның хореографиясы), А.Аданның «Жизелі» (Ж.Коралли мен М.Петипаның хореографиясы) сынды айтулы классикалық балеттерден па-де-делер енді. ХХ ғасырдың біртуар шебері Ролан Петидің франциялық хореографиялық мектебін Ж.Бизенің музыкасына «Кармен» балетінен па-де-де және Ж.Массненің музыкасына Ma Pavlova балетінен «Таис» нөмірі таныстырады. К.Голейзовскийдің хореографиясындағы В.Желобинскийдің жігерлі «Сыған биі» кешке ерекше көңіл күй үстейді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақтоты Райымқұлованың музыкасына Сұлтанбек Ғұмардың «Mankurt» авторлық жұмысы гала-концерттің інжу-маржанына айналады.
Елорда тұрғындары мен қонақтарын балет труппасының жұлдызды жетекші солистері мен жас дарынды әртістерінің өнер көрсетулері күтеді. Сахнаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Өнербаева, Еркін Рахматуллаев, Арман Уразов, сондай-ақ «Құрмет» орденінің иегері Шұғыла Әдепхан, Диас Құрманғазы, София Әділханова, Торғын Лебен, Эркин Базарбаев, Алина Зырянова, Ғазиза Молдахмет, Лимара Айдарова, Нима Токов, Ахмет Қабкенов және тағы басқалары шығады. «Астана Опера» симфониялық оркестрі маэстро Элмар Бөрібаевтың басқаруымен өнер көрсетеді.
Екінші бөлімде көпшілікке театр репертуарындағы жаңа балет – «Мәңгіліктің төрт сыры» ұсынылады. Спектакльдің премьерасы осы жылы көктемде нағыз айтулы оқиғаға айналған еді. Осынау кеште маңызды дебют орын алады деп күтілуде: «Ғашықтық» партиясында алғаш рет балет әртісі Дарья Митрофанова өнер көрсетеді, ол Досхан Зәйдінмен дуэтте сахнаға шығады. «Махаббат елесі / Құмарлық» деп аталатын дуэтті София Әділханова мен Ислам Қайыпбай орындайды. «Күрес» тақырыбын Лимара Айдарова мен Амир Хван ашады, ал «Қабылдау» кезеңін Торғын Лебен мен Жақсылық Сауқымбеков ұсынады. «Мәңгілік махаббат» деп аталатын қорытынды бөлімде сахнаға барлық төрт жұп көтеріледі.
— Сұлтанбек Ғұмардың қойылымындағы «Мәңгіліктің төрт сыры» балетінде Ғашықтық партиясын орындаймын. Ол осы оқиғаның шымылдығын ашады, бұл төрт ақиқаттың біріншісі. Алғашқы ғашықтық сезіміндей жеңіл әрі нәзік бұл бейне бір керемет дүниенің бастауын бейнелейді. Осы қойылымның бір бөлшегі болу және бұл хикаяны сахнада көрермендермен бөлісу – мен үшін үлкен қуаныш әрі зор мәртебе, — деп пікірімен бөлісті балет әртісі Дарья Митрофанова
Басталуы 19:00-де.







