Опера, оперетта мен мюзикл бір кеште шырқалады

0
22

«Астана Опера» 7 қарашада Бейбітшілік және Келісім сарайында «Музыкалық калейдоскоп» театрландырылған гала-операсын ұсынады. Қызықты кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедьяровтың жетекшілігімен театрдың опера солистері, хоры және симфониялық оркестрі қатысады. Бас хормейстер ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов өнер көрсетеді. Концерт режиссері – Еренбақ Тойкенов.

Бағдарлама көрерменді музыкалық театрдың үш жүзжылдығы арқылы қарқынды саяхатқа жетелейтіндей етіп құрылған. Оның құндылығы – көптеген шығарманың бір концертте бірінен кейін бірі сирек шырқалуында болып табылады. Кешті қазақстандық опералардан үзінділер ашады. Атап айтсақ, бағдарламада Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсынан Қамар мен Ахметтің дуэті, С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсынан сахна, сондай-ақ хордың қатысуымен С. және Ә.Әбдінұровтардың «Қыпшақ қызы Аппақ» операсынан дуэт қамтылған.

Концертке театр жұлдыздары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері С.Ахметова, Б.Жанұзақ, Т.Вицинская, М.Чотабаев, Ж.Тапин, «Құрмет» орденінің кавалері А.Қапонова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Ш.Расылхан мен Н.Сағынтай, сондай-ақ Ұ.Әубәкірова, Б.Таңарықов, Р.Балакишиев, Е.Саипов, Ә.Зейнолла, М.Саматов, А.Әбілда және тағы басқалары қатысады.

Бағдарламаның италиялық бөлігі бельканто жанрындағы комедиялық жауһарлардың айналасында құрылған. Дж.Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» операсының бірінші актісінің финалы – хор сүйемелдейтін бес дауысты ансамбль. Мұнда композитор тығыз көпқабатты фактура құрады: дауыстар біртіндеп қосылып, бір-бірінің үстіне жайылады, ал оркестр іс-әрекетті үдете түседі. Осылайша, Дж.Россиниге ансамбльдік драматургияның шебері деген атақ әкелген өзіндік қарқынды комедиялық қарбалас әсері туындайды.

Г.Доницетти шығармашылығы екі түрлі қырынан ұсынылған: «Дон Паскуале» операсынан Малатеста мен Паскуаленің дуэті – ырғақтық құбылыстар мен интонациялық қағытпа қалжыңға негізделген, екі төменгі ерлер дауысының классикалық комедиялық вокалдық дуэлі. Ал хор сүйемелдейтін «Махаббат сусыны» операсынан Дулькамараның ариясы тыңдарманды лирикалық, бірақ сонымен бірге батыл шешімге жетелейді.

Оперетта мен мюзиклді жақсы көретін жандар үшін Ф.Легардың «Көңілді жесір» опереттасынан Графтың ариясы және Ганна мен Данилоның танымал вальс-дуэті, И.Кальманның аттас опереттасынан Сильваның ариясы шырқалады. Хордың қатысуымен орындалатын бұл нөмір қуатты жоғары тесситура мен сыған халқына тән айқындылықты талап етеді. Бағдарламада бұдан басқа да қызықтар өте көп: елорда тұрғындары мен қонақтарын көңілді тосынсыйлар және әрине, жарқын театрландырылған шоу күтеді.

— «Музыкалық калейдоскоп» тұтас сахналық қойылым ретінде ойластырылған: мұнда опера, оперетта мен мюзикл біртұтас драматургияда тоғысады. Бағдарламаның бір бөлігі жаңа интерпретацияда шырқалса, кейбір нөмірлер елордалық сахнада алғаш рет орындалады, — деп түсіндірді театр дирекциясында.

Концерттің басталуы 17:00-де.

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ