Ауылдан үлкен спортқа: AUYL SPORT үшінші маусымын бастады

0
22

Ауылдағы спорт алаңынан басталған талай арман үлкен аренаға жетіп жатады. Бірақ оған мүмкіндік керек. Сол мүмкіндікті ауыл балаларына ұсынып келе жатқан AUYL SPORT жобасы биыл үшінші маусымына қадам басты. 3 қарашада Астанада AUYL SPORT-2026 республикалық турнирінің финалдық кезеңі басталды. Үшінші маусымда еліміздің 17 өңірінен іріктелген жас спортшылар спорттың сегіз түрінен өзара мықтыны анықтайды. Биылғы жарыс 7 қарашаға дейін жалғасады.

Жоба тарихына көз жүгіртсек, AUYL SPORT 2024 жылы ауыл жастарын бұқаралық спортқа тарту мақсатында басталған. Алғашқы маусымда жоба 200-ден астам ауылды қамтып, жарыстар алты спорт түрінен ұйымдастырылды. Сол жылы 10 мыңға жуық қатысушы спорттық додаға атсалысты.Бір жылдан кейін жоба ауқымы тағы кеңейді. 2025 жылы AUYL SPORT 300-ден астам ауылды қамтып, 17 өңірге жетті. Спорт түрлерінің саны жетіге артса, қатысушылардың саны 12 мыңға жуықтады. Ал 2026 жылғы көрсеткіштер бұдан да жоғары. Үшінші маусымда жобаға 400-ден астам ауыл қатысып, 15 мыңға жуық жас спортшыны қамту көзделген. Осылайша үш жыл ішінде AUYL SPORT ауыл спортын дамытудағы ауқымды жобалардың біріне айналып келеді.

Биыл қатысушылар сегіз спорт түрінен бақ сынайды. Олар – бокс, еркін күрес, каратэ, баскетбол, волейбол, шахмат, үстел теннисі және шағын футбол. Жобаға футболдың қосылуы – биылғы маусымның басты жаңалықтарының бірі.

Республикалық кезеңге әр спорт түрінен өңірлік іріктеуден өткен үздіктер ғана жолдама алды. Мәселен, үстел теннисі мен шахматтан 68 қатысушыдан, бокстан және еркін күрестен 102 спортшыдан, каратэден 50 спортшы қатысады. Ал баскетбол мен волейболдан еліміздің 17 өңірінің ерлер және әйелдер командалары, футболдан 17 команда бақ сынайды.

Жарыстар Астананың бірнеше спорт нысанында өтуде. Баскетбол, волейбол, шахмат және үстел теннисінен негізгі бәсекелер Sana Sport кешенінде ұйымдастырылса, футболдан ойындар Допшы Аренада өтеді. Бокс, еркін күрес және каратэ бойынша спортшылар «Қазақстан» ЛАСК аренасында күш сынасады. Алайда AUYL SPORT-тың мақсаты тек жеңімпаздарды анықтау емес. Жоба ауыл балаларына спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік беріп, олардың арасынан таланттарды анықтауға бағытталған. Жарыстармен қатар ауыл жаттықтырушылары мен төрешілерінің біліктілігін арттыруға да көңіл бөлінеді. Үш жылдағы нәтижелер бұл жұмыстың босқа жасалмағанын көрсетіп отыр. AUYL SPORT жобасының алғашқы маусымдарында көзге түскен спортшылар халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғап, жүлдеге ілікті. Мәселен, 2025 жылғы Сербиядағы Дүниежүзілік гимназиадада жоба спортшылары бокстан үш алтын, еркін күрестен бір қола медаль және шахматтан екі Fair Play жүлдесін иеленді.

2026 жылы да ауыл спортшылары халықаралық аренада өздерін көрсетті. Түркиядағы волейбол турнирінде AUYL SPORT-тың қыздар мен ұлдар командалары чемпион атанды. Орталық Азия чемпионатында жоба жеңімпаздары Қуандық Базархан мен Сұлтан Құдайберген каратэден алтын медаль жеңіп алды. Осы секілді қаншама үлкен арена көрмеген жас спортшыларымыз, үлкен жарыстарда жетістіктерге жетіп келеді. Биылғы жобаның тағы бір маңызды жаңалығы – жарыс нәтижесі тек спортшылардың өзіне ғана емес, туған ауылдарына да пайда әкелмек. Республикалық турнир қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен 10 ауылда жаңа ашық спорт алаңдарын салу жоспарланған. Онда баскетбол, волейбол, шағын футбол ойнап, дене шынықтыруға мүмкіндік болады. Яғни бір баланың жеңісі оның туған ауылындағы жүздеген балаға жаңа мүмкіндік ашуы мүмкін.

Бұл – AUYL SPORT-тың үш жыл ішінде жарыстан үлкен әлеуметтік жобаға айналғанын көрсететін маңызды қадам.

2024 жылы 200-ден астам ауыл мен 10 мың қатысушыдан басталған жоба бүгінде 400-ден астам ауылды және 15 мыңға жуық жас спортшыны қамтитын деңгейге жетті. Ал алты спорт түрі сегізге дейін көбейді.Сандардың өзі AUYL SPORT-тың жыл сайынғы өсімін көрсетеді. Бірақ оның ең маңызды нәтижесін статистикадан емес, спорт алаңына алғаш рет шыққан баланың көзінен көруге болады. Бәлкім, бүгін Астанада жарысқа қатысып жатқан ауыл балаларының арасында ертең Қазақстанның атын әлемдік аренада танытатын чемпион бар шығар. Өйткені үлкен спорттың жолы кейде үлкен қаладан емес, ауылдағы шағын алаңнан басталады. AUYL SPORT-тың үшінші маусымы – сол жолдың жалғасып жатқанын көрсететін кезекті дәлел.

 

Сапарбекұлы Әділет

 

 


ПІКІР ЖАЗУ