Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық қазақ тілі қоғамының X құрылтайында сөз сөйледі

Фото: Ақорда
Бүгін Астанада Халықаралық қазақ тілі қоғамының X құрылтайы өтті. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, тілдің мәртебесі мен қолданыс аясын кеңейту мәселесіне тоқталды.
Президент тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін оны білім беру, мәдениет, технология, шығармашылық салаларда дамыту маңызды екенін айтты.
Бұдан бөлек, қазақ тілін дамытуда шектен тыс жасанды сөзжасамға жол бермеу керегін айтып, кейбір шет тілден енген сөздердің қазақша баламасы сәтті аударылмағанын жеткізді.
«Бірақ әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек. Мысалы, “күйсандық” (пианино), “қылтима” (балкон), “субұрқақ” (фонтан), “себезгі” (душ), “қырыққабат” (капуста), “үнқағаз” (газет), “жеделсаты” (лифт), “желкөз” (форточка) және тағы басқа жасанды сөздердің керегі екіталай сияқты», – деді ол.
Сөз барысында Президент қазақ тілін оқытудың заманауи тәсілдерін әзірлеуді, соның ішінде қазақ тілін тез әрі оңай үйренуге көмектесетін цифрлық сервистерді дамытуды ұсынды.
Ол: «Қазақ тілін білген адам қазақ халқын, жалпы Қазақстанды таниды», – дей келе, тілді үйренген әрбір азамат еліміздің тарихы мен мәдениетін тереңірек түсінетінін айтып, аталған жұмысқа тіл мамандары мен IT саласының өкілдерін тарту керектігін жеткізді.







