Ұлттық ғылым академиясында ІІІ Халықаралық жас ғалымдар конгресі өтті

12 қарашада ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен III Халықаралық жас ғалымдар конгресі өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми жиынға әлемнің 35-тен астам елінен 1000-нан аса зерттеушілер қатысуда.
Екі тарихи белесті тоғыстырған халықаралық Конгресс отандық ғылымның қалыптасу жолын, ғылыми мектептердің сабақтастығын және тәуелсіз Қазақстанның зияткерлік әлеуетін дамытудағы жас зерттеушілердің рөлін айқындайтын маңызды алаңға айналды. Тәуелсіздік жылдарында ұлттық ғылыми жүйе жаңа даму кезеңіне қадам басса, 80 жылдық тарихы бар Ұлттық ғылым академиясы отандық ғылымның іргесін қалаған Қаныш Сәтбаев бастаған ғалымдар буынының ғылыми мұрасын жалғастырып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашағында жас зерттеушілердің орны ерекше екенін үнемі атап келеді. 2025 жылғы мәлімет бойынша елімізде ғалымдар саны 28 мыңнан астам адамды құраса, оның жартысына жуығы яғни 48%-ы жас ғалымдар. Яғни бұл Мемлекет басшысының жас ғалымдарды қолдау саясатының нәтижесі деп айтуға болады. Жастар ғылымға батыл қадам басып, өз зерттеулерімен ел алдында тұрған міндеттерді шешуге атсалысуда.
Конгрестің басты мақсаты да жас ғалымдарға ортақ алаң қалыптастыру, тәжірибелі ғалымдар мен жас зерттеушілер арасындағы байланысты нығайту, ұлттық ғылыми мектептерді дамыту және шетелдік жетекші ғалымдар мен отандық жас ғалымдардың интеграциясын дамыту. Екі күндік басқосу аясында іргелі және қолданбалы ғылымның өзекті бағыттары, жасанды интеллект пен озық технологияларды ғылыми зерттеулерге енгізу, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру және ғылымның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін күшейту мәселелері талқылануда.
Конгрестің салтанатты ашылуында Қазақстан Республикасының Вице-президенті Ерлан Тынымбайұлы Қариннің қатысушыларға арналған құттықтау хаты оқылды. Вице-президент ғылымның ел тәуелсіздігін нығайтудағы, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы және зияткерлік әлеуетін дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтіп, ғылыми сабақтастықты сақтау, жас зерттеушілердің кәсіби қалыптасуы мен ғылымдағы жауапкершілік мәселелеріне ерекше назар аударған.
«Ұстаздан шәкіртке берілетін зерттеу мәдениеті, ойлау дербестігі және ғылыми адалдық дәстүрі әрдайым берік болуы қажет», – деп атап көрсетілген құттықтау хатында. Сонымен қатар, жас ғалымдардың жаңа технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, ел дамуына елеулі үлес қосатынына сенім білдірілді.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау сөзінде ғылым мен технологияның экономикалық дамуды қамтамасыз етудегі және Қазақстанның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы маңызына баса назар аударылды. Министр жас зерттеушілерді жүйелі қолдау, заманауи ғылыми инфрақұрылымға қолжетімділікті кеңейту және ғылыми нәтижелерді нақты өндіріске енгізу мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтары болып қала беретінін жеткізді.







