Мұнайлы жерінде парасаттылық пен адалдық құндылықтары дәріптелді: Заңгер, сарапшы, BasQaru қорының басшысы Марғұлан Ермағанбетұлымен сұхбат

0
21

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамда «Заң мен Тәртіп» қағидаттарын орнықтыруға бағытталған ауқымды әлеуметтік жоба мәресіне жетті. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Мұнайлы ауданы Ішкі саясат бөлімінің қолдауымен жүзеге асқан жобаның нәтижелері туралы «BasQaru» қоғамдық қорының жетекшісі, заңгер, республикалық сарапшы Марғұлан Ермағанбетұлымен ашық сұхбат жүргізген едік.

– Марғұлан Ермағанбетұлы, бұл жобаның басты идеясы мен негізгі мақсаты неден тұрды?

– Жобамыздың негізгі өзегі – өңір тұрғындары арасында құқықтық мәдениетті жоғарылату, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты төзбеушілік атмосферасын қалыптастыру және жастарымыздың бойына адалдық пен ашықтық қағидаттарын сіңіру болды. Алдын ала жоспарланған көрсеткіштерден асып түсіп, ауданның әртүрлі әлеуметтік топтарын – мектеп оқушыларынан бастап мемлекеттік қызметшілерге дейін толық қамти алдық.

– Отбасылық құндылықтар мен кәсіби мамандарды тартылған іс-шаралар жүйесі қалай ұйымдастырылды?

– Біз халықтың әр санатына жеке ыңғай таптық. Мәселен, Басқұдық ауылындағы №17 мектепте «Парасатты отбасы» Quiz конкурсын өткіздік. Ауданның түкпір-түкпірінен келген 7 отбасылық команда логикалық және білім тапсырмаларында бақ сынасты.

• I орын (100 000 теңге) – Қызылтөбе ауылының командасы;

• II орын (75 000 теңге) – Батыр ауылы;

• III орын (50 000 теңге) – Маңғыстау ауылы еншіледі.

Сондай-ақ, Қазақстан полициясы күні мен Мемлекеттік қызметшілер күніне орай құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметшілер арасында «Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі» атты эссе байқауын ұйымдастырдық.

– Мемлекеттік қызметшілер арасында өткен облыстық Quiz ойыны туралы да айтып өтсеңіз?

– 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Мұнайлы ауданы әкімдігінің тапсырысымен «Адал азамат – Конституция негізі» атты облыстық зияткерлік сайыс өткіздік. Аймақтағы 2 қала мен 5 ауданнан келген мемлекеттік қызметшілер командалары бақ сынап, өздерінің құқықтық дайындықтарын көрсетті.

Жүлде қоры қомақты болды:

• I орын – 500 000 теңге;

• II орын – 300 000 теңге;

• III орын – 100 000 теңге.

Мұндай шаралар мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін арттырып, ұжымдық бірлікті нығайтуға үлкен септігін тигізеді.

– Жастар арасындағы шаралар мен TEDx форматындағы кездесу қалай өтті?

– Жастар қанаты ерекше белсенділік танытты. Мектептер арасында Debate-турнирлер (№15, №8, №17, №19 мектептер үздік шықты) өтіп, «Заңды біл – қауіпсіз өмірді таңда» атты квест-ойында оқушылар  «Әділетті Қазақстан», «Заң мен Тәртіп», «Таза Қазақстан» және «Адал Азамат» тұжырымдамалары бойынша білімдерін сынады.

Ал TEDx форматындағы диалогтық кездесуімізге 250-ден астам жас қатысты. Шараға:

• Жасұлан Маршақұлы (ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының м.а.);

• Айгүл Демеуова (профессор);

• Берік Ходжаев (Мұнайлы ауданы прокурорының орынбасары) спикер ретінде қатысып, жастармен заң үстемдігі мен әдептілік төңірегінде келелі ой бөлісті.

– Жобаны цифрландыру мен медиа кеңістікте іске асыруда қандай жаңашылдықтар болды?

– Заман талабына сай заманауи ақпараттық құралдарды кеңінен қолдандық:

1. Жасанды интеллект (ЖІ): Адалдық құндылықтарын насихаттайтын видеороликтер ЖІ мүмкіндігімен әзірленіп, желіде таратылды.

2. Әлеуметтік зерттеу: Мұнайлының 7 ауылын қамтыған онлайн сауалнамаға 10 000-нан астам тұрғын қатысты. Соның негізінде сараптамалық аналитикалық анықтама дайындалды.

3. Ақпараттық қамту: Аудан орталығында 2 арнайы баннер орнатылып, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі ақпараттық науқанның қаралымы 50 мыңнан асып түсті.

– Әңгімеңізге рақмет! Жобаның жалпы түйіні ретінде не айтар едіңіз?

– Бұл жоба Мұнайлы ауданында құқықтық мәдениетті нығайтып қана қоймай, әрбір азаматтың, әсіресе өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік, адалдық пен жауапкершілік қасиеттерін орнықтыруға сүбелі үлес қосты деп сеніммен айта аламын.

 

 


ПІКІР ЖАЗУ