Шортан» емес, Сортаңды: Тарихшы ұмытылған жер-су атауларының құпиясын ашты

Жайық пресс
Ономастикалық мәселелер мен жер-су атауларының тарихы бойынша тарихшы Жамбыл Артықбаевпен сұқбаттастық.
Жамбыл Артықбаев — тарихшы, тарих ғылымдарының докторы.Ол 300-ден астам ғылыми басылым мен 6 монографияның және 11 оқулық пен әдістемелік құралдың авторы.
— Сіздің тарихи еңбектеріңізде, соның бірі «Орталық Қазақстан қазақтарының этноәлеуметтік құрылымы» еңбегінде немесе тағы басқа еңбектеріңізде ономастикалық мәселелер мен жер-су атауларының өзгеруі жөнінде тарихи оқиғалар мен деректер қамтылған ба?
— Әр еңбекте топонимияға қатысты мәселелер бар. «Орталық Қазақстан қазақтарының этноәлеуметтік құрылымы» еңбегінде болыстық атаулардың өзгеруі жазылған. 1822 жылғы ереже бойынша болыстар ру атауларымен құрылды. 1870 жылдары ол атаулар топонимиялық атауларға көшті. Мәселен, 1822 жылы устав бойынша құрылған Күрек болысы 1870 жылы Қызылтау болысы болып өзгерді.
Тарихшының жер-су атауларының тарихы бойынша басқа да еңбектері бар. Соның бірі — «Есіл-Нұра арасы» еңбегі. Аталған еңбек Ақмола облысының жер-су атауларының тарихы, өзгерісі туралы жазылған.
— Ақмола облысындағы қазіргі кездегі Степногорск, Щучинск атауларының бұрынғы тарихи атауы туралы айтып өтсеңіз?
— Ақмола облысында ономастикалық мәселелер өте өзекті. Өйткені Патша үкіметі заманы мен Совет заманында бұл өңірдің атаулары қатты өзгерді. Қазіргі күні, өкінішке орай, көп атауларды қайтадан жаңғырту мүмкін емес. Соның бірі — Степногорск. Ол қаланың нақты атауы қалай болғанын анықтай алмадым.
Тарихшы сол аумақтағы тарихи атауы сақталған, бірақ мағынасы ұмытылған атаулар жөнінде де айта кетті.
Мәселен, Бурабайға барар жолда Дамса деген шағын өзен бар. Дамса атауы «ақырын ағатын өзен» деген мағынаны білдіреді. Бұл атау Қазақстанның оңтүстігі мен Түркияда сақталған. Бізде бұл сөздің мағынасы ұмытылған.
Шортанды ауданында Жабана Дамса деген елді мекен орналас
қан. Бұл аумақта да топонимиялық мәселелер кездеседі. Ол жерде «Шортан» деген көл жоқ, ол жер — сортаңды жер, ал ол «Шортанды» болып кеткен.
Профессор аталған жерге «Сортаңды» деген тарихи атауын қайтару керек екенін жеткізді.
Бұдан бөлек Мықтыкөл деген атау бар. Негізгі атауы Мықты көл емес, Мықтың көлі. Қазақтың көне тарихында «мық» деген сөз бар. Бұл сөзді өз мағынасында дұрыс қолдану керек.
Тарих ғылымдарының докторы осындай атаудың бірі ретінде Бараб деген жерді мысалға келтірді.
Бараб — орманды дала дегенді білдіреді. Оңтүстік Сібірде «Барабы даласы» дейді, Сырдария мен Қаратаудың арасындағы жерді Бараб дейді. Әл-Фараби деген ғалым атамыз шын мәнінде — Әл-Бараби. Бараб жерінен шықты деген сөз.
Сөз соңында Жамбыл Артықбаев топонимиялық атауларды білу үшін қазақтың көне тілін білу керек екендігiн айтты.
—Солтүстік өңірде, және Қарағанды облысында қанша елді мекен тарихи атауын ала алмай тұр?
— Ең үлкен мәселелер Солтүстік Қазақстан облысында. Солтүстік өңірлерде тарихи атаулар ұмытылған. Осы өлкеде тарихи-топонимиялық зерттеулер жүргізілуі керек. Тарихи атауы болған күннің өзінде, ол жерде өмір сүретін өзге ұлт өкілдері үшін идеологиялық сауатты жұмыс жүргізілуі керек.
Қарағанды облысында Осакаровка дейтін аудан орталығы бар. Аудан орталығын «Сарыбел» деп өзгерту туралы ұсыныс болған. Осакаровканың тарихи атауы — Бүйректал. Сол жерде Бүйректал деген өзен бар. 1904-1905 жылдары Ресейден қоныс аударғандар Бүйректалды орысшаға аударып, Осокоровка (ауыл маңындағы терек ағашы — осокорь атауына байланысты) деп атап кеткен. Осакаровка ауданында Молодежный елді мекені орналасқан. Ония тарихи атауы — Әулиетөбе. Оның жанында Қарауылтөбе, Қандыадыр секілді тарихи атаулар бар.
–Солтүстік Қазақстанда әлі де кеңес заманынан қалған орысша немесе мағынасыз жер-су атаулары көптеп кездеседі. Аталған өңірлерге Ботай өркениетіне байланысты қандай әдемі атауларды өңір картасына енгізер едіңіз?
–Ботай өркениетінен бөлек, өте әдемі топонимикалық атауларды қоюға болады. Есіл жағасында Толқынкөл деген көл бар. Неге топоним ретінде қалаларға пайдаланбасқа? Сол секілді Солтүстік Қазақстанда Үш Бұрлық деген жер бар. Үлкен Бұрлық, Кіші Бұрлық, Орта Бұрлық деген атаулар бар. Бұл атаулар Украинада да кездеседі. Бұл атаулар — қыпшақ, оғыз заманынан қалған атаулар. Бұндай атауларды елді мекендерге беру үшін тарихи сананы жетілдіру керек.
–Қазіргі таңда қоғамда тарихты қайта зерделеу, жер-су атауларын қазақшалау процестері жүріп жатыр. Мамандар мұны еліміздегі отарсыздану мен кеңестік идеологиядан арылу процесінің маңызды бөлігі деп санайды. Осы орайда ономастика арқылы картамызды тазарту, тарихымызды жаңғырту ұлттық санамыздың тәуелсіздігіне қалай әсер етеді? Бұл жай тақтайша ауыстыру ма, әлде бұның терең мағынасы бар ма?
–Елді мекендер атауын қазақшалау процесі жүріп жатыр. Аталған процесс жақсы жүріп жатыр деп айта алмаймын. Оған мысал ретінде, Бурабайда этнографиялық музей тұрған көше атауын өзгерттік. Разин атауын Балуан Шолақ деп өзгерттік. Көше атауы өзгертілгеннен кейін Балуан Шолақтың ескерткіші қойылып, әдеміленуі керек еді. Қайта, қала өз бейнесін жоғалтып алды.
Көшенің тек атауын өзгертумен ештеңе бітпейді. Тарихшы елімізде көше ауысқаннан кейін бізде тіпті тақтайша да ауыспайтынын айтты. Оның сөзінше Балуан Шолақ көшесінің бұрынғы атауы әлі де көше маңынан алынбаған. Тарихшы бұндай жағдайлардың алдын алып, қала көшелерін атауы ауысқаннан кейін ретке келтіру керек екенін жеткізді.
Тастанбек Аяулым Шалқарқызы







