1310-нан 1600 балға дейін: астаналық 16 жастағы оқушы 4 айда SAT емтиханынан ең жоғары нәтиже көрсетті

0
15

Астаналық 10-сынып оқушысы Нұрқанат Әли әлемде санаулы адам ғана қол жеткізетін нәтижеге жетіп, халықаралық SAT емтиханынан ең жоғары 1600 балл жинады. Енді ол Нью-Йорк университетіне түсіп, IT саласын меңгеруді және болашақта жеке технологиялық стартабын құруды армандайды.

SAT емтиханындағы ең жоғары нәтиже оқушыға әлемнің жетекші университеттеріне түсуге жол ашып, оны халықаралық гранттар мен стипендиялық бағдарламаларға үміткер ең мықты талапкерлердің біріне айналдырады.

Нұрқанат небәрі 16 жаста, биыл 10-сыныпты аяқтады.

Нәтиже келгенде қатты таңғалдым. Бұл емтиханды сынақ ретінде тапсырғандықтан, ол туралы ешкімге дерлік айтпадым. Тек мұғалімім мен қарындасым ғана білді. Нәтижені де қарындасыммен бірге аштым. Сайт төрт сағатқа жуық жүктелді. Экранда 1600 балл шыққан кезде, қарындасым айқайлап, қуанып, мені құттықтай бастады. Бұл екеуіміз үшін өте әсерлі сәт болды. Мені емтиханға дайындаған Сұлтан аға да алғашында нәтижеге сенбеді. Ол менің 1500-ден жоғары балл жинайтынымды күткен, бірақ 1600 болады деп ойламаған. Ол қатты қуанып, бұл үлкен мақтаныш екенін айтты,” — дейді Нұрқанат.

Кейін оның нәтижесі туралы ата-анасы да білген. Олар ұлының шетелде білім алу арманын толық қолдайды. Нұрқанат — көпбалалы отбасындағы алты баланың үлкені. Сондықтан үйдегілер оған үлкен үміт артып отыр. Маусым айында ол IELTS емтиханынан да 7,5 балл жинаған. Осылайша, қазір оның алдында түрлі мүмкіндік ашылып отыр.

Болашақта ол алған білімін Қазақстандағы мәселелерді, соның ішінде интернетке қолжетімділік проблемаларын шешуге пайдаланғысы келеді.

Бала кезімнен IT саласына қызығамын. Қазақстандағы мықты IT мамандарының бірі саналатын жездем бар. Мен оның жолын қуып, кейін қосымшалар әзірлеп, жеке жобаларымды іске асырып, стартап ашқым келеді,” — дейді ол.

Нұрқанаттың SAT бойынша алғашқы нәтижелері мінсіз болған жоқ. Алайда небәрі төрт айдың ішінде ол көрсеткішін 1310 балдан ең жоғары 1600 балға дейін көтерді.

Бұл нәтижеге жетуіне Нұрқанатқа қазақстандық танымал EdTech-кәсіпкер Лаура Вайгорова құрған Smartest Prep орталығының мұғалімдері көмектесті. Білім беру жобасы оқушыларды шетелдік университеттерге түсуге дайындауға, соның ішінде халықаралық емтихандарға әзірлеуге, эссе жазуға және оқуға түсу стратегиясын жасауға маманданған.

“SAT емтиханынан мұндай нәтижені кездейсоқ алу мүмкін емес. Оның артында үнемі ұзақ уақыт бойы жасалған үлкен еңбек пен тәжірибе тұрады. Нұрқанат, жарайсың! Осындай жетістіктер Қазақстанда әлемнің ең үздік оқушыларымен тең дәрежеде бәсекелесе алатын және жетекші университеттерден орын алуға үміткер жастар өсіп келе жатқанын бүкіл әлемге көрсетеді. Осындай өршіл әрі қабілетті балалардың көбейіп келе жатқанын көру қуантады,” — дейді Лаура Вайгорова.

Нұрқанат дайындықтағы өзінің «құпиясымен» де бөлісті.

Біріншіден, бұл, әрине, мұғалімдерімнің еңбегі. Бірақ SAT форматы өзіме де қатты ұнады. Дайындық ауыр немесе жалықтыратын нәрсе болып көрінген жоқ. Керісінше, тапсырмаларды орындау маған қызық болды. Көбіне кешкі уақытта, тіпті түнде де дайындалып, Smartest Prep платформасында жаттығып, жіберген қателерімді талдайтынмын. Меніңше, маған дәл осы қызығушылық пен құлшыныс көмектесті,” — дейді ол.

Оқудан бөлек, Нұрқанат спортпен де кәсіби түрде айналысқан. Ол бразилиялық джиу-джитсу мен грэпплингтен Қазақстанның үш дүркін чемпионы, сондай-ақ әлем чемпионатының жүлдегері.

Алайда ол өз жолындағы жетістіктерін оңай келді деп санамайды.

Бұған дейін көп нәрсе ойдағыдай бола бермейтін. Әлем чемпионатында бірінші орын ала алмадым. НЗМ-ге де түспедім. Ал бұл жолы рекорд орнаттым. Осы нәтиже маған үлкен шабыт берді,” — дейді Нұрқанат.

Алда Нұрқанатты шетелдік университеттерге түсуге дайындық күтіп тұр. Дегенмен ол өзінің ең басты нәтижесіне қазірдің өзінде қол жеткізді: табандылық, қызығушылық пен білімге деген құштарлық болса, ең биік мақсаттардың өзі шындыққа айналатынын өзіне дәлелдеді.


ПІКІР ЖАЗУ