2026 жылғы ҰБТ қорытындысы мен гранттар бөлінісі қандай болды?

Жаңа оқу жылына бөлінген гранттар мен квоталар туралы ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаева тоқталып өтті.
Республикалық конкурстық комиссия білім беру гранттарын тағайындау жұмысында мемлекеттік білім беру тапсырысын экономиканың білікті кадрларға деген ұзақ мерзімді қажеттілігін ескере отырып қалыптастырды. Кадрларға деген сұраныс болжамына сәйкес, гранттардың 60% инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға, 20% педагогикалық мамандықтарға және 20% басқа бағыттарға бөлінген. Осы жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен бакалавриат бағдарламаларына 75 мыңнан астам білім беру гранты қарастырылды. Шілденің 13-і мен 20-сы аралығында грант конкурсына қатысу үшін шамамен 127 мың өтініш қабылданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға жуық өтінішке артық.
Конкурстың алдын ала қорытындысы бойынша талапкерлер арасында «Аударма ісі», «Психология», сондай-ақ педагогикалық және кейбір инженерлік бағыттардағы білім беру бағдарламалары ерекше сұранысқа ие болды дейді Жанна Есинбаева.
Мемлекеттік білім беру гранттары иегерлерінің тізімі жарияланар қарсаңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова 2026 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындылары, сынақты ұйымдастыру ерекшеліктері мен талапкерлердің көрсеткен нәтижелері туралы мәлімдеді.
Биылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге 233 мыңға жуық талапкер қатысты. Олардың басым бөлігі, яғни 73%-дан астамы – қазақ тілінде, 26%-дан астамы – орыс тілінде, ал 383 адам ағылшын тілінде тест тапсырды. Биыл да талапкерлерге тестті екі рет тапсырып, ең үздік нәтижесімен грант конкурсына қатысуға мүмкіндік берілді. Соның нәтижесінде 233 мың талапкер ҰБТ-ны жалпы жиынтығы 422 мың рет тапсырды. Қорытынды бойынша қатысушылардың 76% шекті балды жинай алды, ал орташа балл 69-ды құрады. Ең жоғары 140 балды бір талапкер иеленсе, 821 қатысушы 130-дан жоғары балл көрсетті. Ерекше білім беру қажеттілігі бар 800 талапкерге де барлық жағдай жасалып, олар тестілеуге толық қатысты. Апелляция бойынша 95 мыңнан астам өтініш қаралып, республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады. Тест сертификаттары талапкерлердің жеке кабинетінде қолжетімді.
ҰБТ-ның академиялық адалдығын қамтамасыз ету – басты басымдықтардың бірі. Тестілеу барысында 890 ереже бұзушылық анықталды. Тыйым салынған заттарды алып кіру немесе пайдалану әрекеттеріне байланысты бірнеше талапкердің нәтижелері жойылды. Еске сала кетейік, 31 қазанға дейін барлық бейнежазбаларға қосымша талдау жүргізіледі. Егер ереже бұзу фактілері анықталса, ҰБТ нәтижелері заңнамаға сәйкес күшін жоятынын мәлімдеді Наужан Дидарбекова.
Бүгін, 7 тамызда Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранты иегерлерінің тізімін жариялады. Ведомствоның мәліметінше, биыл 75 мыңнан астам талапкер еліміздің жоғары оқу орындарында грант негізінде білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Тастанбек Аяулым Шалхарқызы







