Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-ның жаңа форматын таныстырды

Фото: интернет желісінен алынған
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов 15 қазанда Бірыңғай ұлттық тестілеудің жаңа форматына арналған жобаны таныстырды. ETS халықаралық ұйымымен бірлесе жасалған Admission Insight Test (AIT) жобасы 2026 жылдың ақпанында басталған. Аталған жоба 2030 жылға дейін жалғасады.
Жаңа тест жобасы екі бөлімнен тұрады: 14 бейіндік пән бойынша пәндік тесттер және дағдыларды бағалау тесті. Пәндік тесттердегі тапсырмалар мемлекеттік стандартқа сәйкес жаңартылады. Мұнда ақпаратты жай ғана жаттап алып қайталаудан гөрі, оқу материалын терең түсінуге басымдық беріледі.
Ал дағдыларды бағалау тесті бес модульден тұрады. Олар:
— Сыни ойлау, академиялық жазу және зерттеу дағдылары;
— Коммуникациялық дағдылар;
— Жасанды интеллектіні пайдалану сауаттылығы;
— Сандық және цифрлық сауаттылық;
— Креативті және дизайндық ойлау.
Соңғы модуль әлі әзірленіп жатыр дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры. Нұрсейіт Байжановтың айтуынша, аталған тест тек білімді бағалау мақсатында жүзеге асырылады. Жобаны іске асырудың келесі кезеңі 2027 жылдың көктеміне жоспарланған.







