Россинидің комедиясы жаңа сахналық алаңда таныстырылады

0
27

Өнерсүйер қауымды театрға баулуда комедия жанрының алатын орны ерекше. Осыны ескере отырып, «Астана Опера» алғаш рет Бейбітшілік және Келісім Сарайы сахнасына Дж.Россинидің жеңіл әрі ойнақы «Жібек саты» операсын алып барады. Осыған дейін қойылымды Күләш Байсейітова атындағы Камералық залда тамашалап келген көрермендердің 18 қазанда жаңа сахналық алаңда таныс операның жаңа қырларын ашуға мүмкіндігі болады.

«Жібек саты» – «Астана Опера» көрермендері ең жақсы көретін комедиялық спектакльдердің бірі. 2019 жылы алғаш рет ұсынылған бұл қойылым елордалық сахнадағы «Piccolo» камералық театр жобасын ашты. 20 жасар композитор Джоаккино Россини осынау бір актілі опера-фарсын 1812 жылы «Сан-Моизе» шағын венециялық театры үшін жазған. Сондықтан «Астана Опера» туындыны камералық форматта ұсынып келеді. Қойылымның ықшамдылығы оны кез келген гастрольге алып жүруге өте қолайлы ететінін де атап өтуіміз керек. Труппа «Жібек сатымен» Мәскеуде, Санкт-Петерборда, Минскіде, сондай-ақ Қазақстан қалаларында гастрольмен болды. Ал енді операның Бейбітшілік және Келісім Сарайындағы көрсетілімі спектакльге акустика жағынан ғана емес, визуалды көрнекілік тұрғысынан да кең мүмкіндіктер мен жаңа ауқым сыйлайтын ұмытылмас тәжірибеге айналады.

Қоюшы режиссер Алла Симонишвилидің қызықты шешімдері, италиялық суретші Манана Гунианың керемет сценографиясы мен әдемі костюмдері үлкен залдың мүмкіндіктеріне сай бейімделіп, көрерменді мүлде басқаша әсерге бөлейді. Сондай-ақ қоюшы дирижер, Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдиннің басқаруымен өнер көрсететін театрдың камералық оркестрінің үні мейлінше қуатты естіліп, Россинидің сиқырлы музыкасы бұрынғыдан да терең шырқалады. Осылайша шағын спектакль ауқымды қойылымға айналып, көрерменге туындыны басқа қырынан тамашалауға мүмкіндік береді.

Сахнадағы іс-әрекет тыңдармандарды XVIII ғасырға жетелейді. Оқиға желісі бойынша бойжеткен Джулия өзінің сүйіктісі Дорвильге жасырын тұрмысқа шығады. Әр түн сайын Дорвиль жұбайының бөлмесіне терезеден түсірілген жібек саты арқылы жасырын кіріп-шығып жүреді. Алайда бұл құпиядан бейхабар Джулияның қамқоршысы Дормонт бойжеткенді ауқатты ақсүйек Бланзакқа тұрмысқа беруді жоспарлайды. Осыдан кейін Джулия Бланзактың көңілін өзінің бөлесі Лючиллаға аудару үшін түрлі айла-шарғылар ойластыра бастайды.

Көрсетілім күні спектакль кейіпкерлерінің бейнелерін «Астана Опера» опера труппасының жарқын солистері жүзеге асырады. Өз бақыты үшін күресе білетін тапқыр әрі пысық Джулияның партиясын Лейла Аламанова орындайды. Оның жасырын күйеуі Дорвильдің рөлін Әлихан Зейнолла таныстырады, ал қызыққұмар Джерманоның бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Расул Жармағамбетов сомдайды. Бланзактың рөлінде Ержан Саипов өнер көрсетеді. Ақжарқын Лючилланың партиясын Салтанат Мұратбекова ұсынады. Қатал, бірақ аңғал Дормонттың бейнесінде Талғат Аллабиринов көрермендердің алдына шығады.

«Астана Опера» басшылығы театрдың Бейбітшілік және Келісім Сарайында ұсынатын бір актілі спектакльдері мен концерттерінің ағартушылық мәні зор екенін атап өтті. Олар классикалық өнерді қабылдауды жеңілдетіп, қалың көрерменді театрға тартудың тиімді құралына айналады және ауқымды, академизмге толы монументалды қойылымдарды «Астана Операның» өз сахнасында тамашалауға деген қызығушылықты арттырады.

Спектакльдің басталуы 17.00-де.

 


ПІКІР ЖАЗУ