«Чарли мен Ирэн» — «Астана Опера» үшін арнайы жасалған жаңа қойылым

Осы күзде, 30 қазан мен 1 қарашада «Астана Операда» Алексей Кестнердің музыкасына «Чарли мен Ирэн» романтикалық балет-комедиясының әлемдік премьерасы өтеді. Дирижер тұғырында – Элмар Бөрібаев. Спектакльдің қоюшы хореографы Кирилл Радев балеттің түпкі ойы, дыбыссыз кино эстетикасы мен елордалық труппа әртістерімен жұмыс барысы туралы әңгімеледі.
Театр труппасы үшін арнайы жасалған қойылым 1970 жылдардағы Нью-Йорктің эстетикасы мен дыбыссыз кино дәуірінің кинематографынан шабыт алған неоклассикалық би жанкүйерлері үшін нағыз сый болады деп күтілуде. Либретто авторы ретінде Валерий Копейкин тер төкті.
— Біз Валериймен бірге қойылымның жоспарын талқылай келе, спектакль кинематография заңдылықтары бойынша өрбиді деген шешімге келдік. Дыбыссыз киноның эстетикасы көп жағдайда балет театрымен үндеседі, өйткені екі салада да басты суреттеу құралы қозғалыс болып табылады. Айырмашылығы – кинода монтаж бен әртүрлі ракурстар (ірі, орташа, жалпы) болса, балетте көрерменнің назарын сахнадағы қозғалыс қарқынымен ұстап тұру қажет. Мен пантомимадан саналы түрде алыстап, қозғалысқа басымдық беремін, өткеннің эстетикасын сол қалпы көшірмей, шартты ым-ишараға қайта оралмай, пантомималық оқиға мен пластиканың жаңа үйлесімін табуға тырысамын. Бұл – авторлық қолтаңбасы бар неоклассика, – деп атап өтті К.Радев.
Сондай-ақ хореограф спектакль Чарли Чаплин жайлы хикая емес екенін баса айтты.
— Спектакльде Чарли есімді нақты бір кейіпкер жоқ, бұл – көбіне дыбыссыз кино рухы, Чаплинмен аттас жан ғана, бар болғаны осы. Яғни бұл – спектакль рухы, оның көркем негізі, бірақ мұнда Чарли Чаплинмен тікелей байланысты еш нәрсе таба алмайсыз. Ал Ирэн – қарапайым бойжеткен. Нәтижесінде махаббат туралы жарқын әрі көңілді спектакль шықты, – деп пікірін қосты қоюшы.
Оқиға желісі үйсіз жүрген мейірімді жан, Орталық саябақтың көңілді тұрғыны Чарли мен жоғары қоғамның қызы Ирэннің айналасында өрбиді. Олардың кездейсоқ таныстығы шынайы сезімге ұласады, алайда Ирэннің ештеңеден тайынбайтын ықпалды әкесі бұл одаққа түбегейлі қарсы болады. Бірақ үздік романтикалық хикаяларда жиі кездесетіндей, тағдыр кейіпкерлерге тосынсый дайындайды. Чарлидің өмірінде жолынан адасқан жұмбақ пошташы пайда болып, оған хат табыстайды. Бұл хат жігіттің өмірін өзгертіп жібереді. Күтпеген мұра кешегі кедейді бір сәтте дәулетті адамға айналдырады. Дегенмен спектакльдің басты қызығы байлыққа кенелуде емес, мейірімділік пен мәрттік қағидаларына адал бола отырып, жүрегінің тазалығы мен жан дүниесін сақтау Чарлидің қолынан келе ме деген сауалда жатыр.
К.Радевтің айтуынша, Пошташының бейнесі — өмірдегі өзгерістердің символы, метафора, үндеу іспетті.
– Музыка жайлы айтатын болсақ, ол арнайы осы спектакль үшін дайындалуда. Жобаны композитормен ұзақ талқылаған едік, дайындық жұмыстары әлі де жүргізілуде, өйткені біз оны әлі жасаудамыз және аяқталған, кәсіби партитураға қол жеткізу үшін кей тұстарын жетілдірудеміз, — деп әңгімеледі хореограф.
«Астана Опера» әртістерімен жұмыс істеуді әлдеқашан бастап кеткен Кирилл Радев олар жайлы таңданысқа толы пікірін білдірді.
– Труппаларыңыз керемет, театрда кәсіпқой мамандар еңбек етеді, дирекция да тамаша. Мұнда барлығы өте үйлесімді әрі кәсіби деңгейде жұмыс істейді. Олармен бірлесіп қызмет істеуден зор ләззат аламын, — деп пікірімен бөлісті ол. Театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова ауқымды жобаның дайындығын жеке бақылауда ұстауда. – Алтынай Асылмұратованың басты тілегі – спектакльдің қызықты болып шығуы. Қалған барлық мәселеде ол маған толық еркіндік берді. Алтынай Абдуахимовна дайындықтарға қатысып отырды. Меніңше, біздің жасап жатқан жұмысымыз оның көңілінен шығады. Мен өте жайлы жағдайда жұмыс істеудемін, біз бір-бірімізді түсінетін секілдіміз, — деді қоюшы.
Спектакльдің сценографтары ретінде Анастасия Капустина мен Наталья Шахматова еңбек етті. Ал костюмдер бойынша суретші ретінде танымал дизайнер Игорь Чапурин жұмыс істеді.
– Спектакль жарқын әрі көңілді болады. Сценографтармен бірге спектакльдің айшықты композициясын, яғни суретін ойлап таптық. Бұл өте қызықты шешім болғалы тұр, оның егжей-тегжейін алдын ала ашқым келмейді. Көрнекі шешім заманауи болады, әлбетте біз 70-жылдарға тән айшықты бейнелерді, яғни ашық түстерді, костюмдердің фактурасы мен стилін сақтауға тырысамыз, бірақ оның барлығы бүгінгі заман қолтаңбасымен әрі жаңаша көзқараспен ұсынылады. Біз ол дәуірдегі спектакльді бұл сахнаға тура сол күйінде көшіріп жатқан жоқпыз, оны қайта өңдеп, бүгінгі пайымдауымызға сай көрсетпекшіміз. Декорациялар ауқымды көрінгенімен, өте мобильді болады, – деді К.Радев қойылымға қызықтыра отырып.
Премьера ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді. Спектакльдегі партияларды балет труппасының жетекші солистері мен әртістері орындайды. Ақжарқын әрі мейірбан Чарлидің бейнесін бірден қос әртіс жүзеге асырады, олар: Досхан Зәйдін мен Әлихан Әубәкір (сонымен қатар ол Александр Корниловпен бірге жұмбақ Пошташының рөлінде де сахнаға шығады).
Махаббатта дәрежені емес, шынайылықты қалайтын бойжеткен Ирэннің партиясын Шұғыла Әдепхан, Камила Шахманова, София Әділханова және Алина Зырянова орындайды. Полдың рөлінде көрермендер Олжас Тарланов, Айдан Қалжан мен Жақсылық Сауқымбековтың өнерін тамашалайды. Сондай-ақ спектакльге Дарья Митрофанова, Әлия Әмірхан, Амир Хван мен Ахмет Қабкенов қатысады.







