Sarapshy» медиажобасы: Мәдениет және ақпарат министрлігі жас сарапшыларды БАҚ-пен жұмыс істеуге үйретеді

0
11

Қазақстан қоғамдық даму институты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен еліміздің жас ғалымдары мен мамандары үшін бірегей мүмкіндік — «Sarapshy» оқыту медиажобасына ашық конкурстық іріктеу жариялады.

Жобаның басты мақсаты — түрлі сала сарапшыларының медиа кеңістіктегі белсенділігін арттыру, олардың танымалдылығын күшейту және күрделі қоғамдық процестерді халыққа қарапайым тілмен түсіндіру дағдыларын дамыту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мықты сараптама тек тар ортада қалмай, кең аудиторияға қолжетімді болуы тиіс.

Жоба қатысушылары тәжірибелі журналистер мен танымал медиа-тренерлердің жетекшілігімен мынадай бағыттар бойынша практикалық білім алады:

— Бұқаралық ақпарат құралдарымен (БАҚ) және камерамен кәсіби жұмыс істеу;

— Көпшілік алдында сөйлеу және қоғамдық пікірталастарға қатысу;

— Мазмұнды сұхбат беріп, сарапшылық пікірлерді жедел дайындау;

— Әлеуметтік желілерде жеке сарапшылық брендті (имиджді) қалыптастыру және ілгерілету.

Курстың негізгі тақырыптары мәдениет, қоғамдық мінез-құлық пен әдеп (этика) мәселелеріне арналмақ.

Қатысушыларға қойылатын талаптар

Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер мына критерийлерге сай болуы керек:

— Салалық шектеу: Мінез-құлық психологиясы, әлеуметтану, жалпы әдеп, технологиялар әдебі (Digital Ethics), антропология, этнология, мәдениеттану немесе урбанистика саласының маманы болу;

— Жасы: 40 жасқа дейін;

— Білімі мен тәжірибесі: Жоғары білім және талдау орталықтарында, ЖОО-ларда, мемлекеттік қызметте немесе азаматтық секторда кемінде 5 жыл жұмыс өтілінің болуы.

Сондай- ақ, магистр, PhD немесе өзге де ғылыми дәрежесі бар үміткерлерге басымдық беріледі.

Жоба аясында барлығы 25 сарапшы таңдап алынады. Үміткерлерден өтінімдер 2026 жылғы 2-11 қазан аралығында sarapshy.kipd.kz ресми сайтында қабылданады. Қажет болған жағдайда ұйымдастырушылар үміткерлермен қосымша әңгімелесу өткізуі мүмкін.

Іріктеуден өткендердің есімі 23 қазанда жарияланады.


ПІКІР ЖАЗУ