ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫ ҚАРА ЖАМЫЛДЫ

Бүгін, 24 қарашада, қазақтан шыққан тұңғыш антрополог, Қазақстандағы антропология ғылымының негізін қалаушы, көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Оразақ Смағұлов ағамыздың дүниеден озғаны туралы суық хабарды терең күйзеліспен қабылдадық.
Оразақ Смағұлов – саналы ғұмырын қазақ халқының шығу тегін, этникалық қалыптасуын және антропологиялық тарихын зерттеуге арнаған біртуар тұлға. Ғалымның ұзақ жылдар бойы жүргізген іргелі зерттеулері қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосып, халқымыздың тарихи тамырын тереңірек тануға жол ашты.
Ол қазақ антропологиясының ғылыми мектебін қалыптастырып, отандық ғылымның халықаралық деңгейде танылуына зор еңбек сіңірді. Артында өшпес ғылыми мұра, тағылымды ғұмыр және кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі жол қалдырды.
Абыз ғалымның дүниеден өтуі – отбасы мен жақындары үшін ғана емес, бүкіл қазақ халқы мен отандық ғылым қауымдастығы үшін орны толмас ауыр қаза.
Оразақ ағамыздың отбасы мен әулетіне, балаларына, туған-туыстарына, шәкірттеріне және барша ғылыми қауымға қайғыра көңіл айтамыз.
Ғұлама ғалымның жарқын бейнесі мен ұлтына сіңірген ерен еңбегі халқымыздың жадында мәңгі сақталады.
Алла алдынан жарылқасын! Иманы жолдас, топырағы торқа, жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болсын!
Қош болыңыз, қазақ ғылымының абызы!







