Ұлттар театрының жұлдыздары Астанадағы сахнада бас қосады

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен РФ Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Росконцерт» федералды мемлекеттік бюджеттік мәдениет мекемесі «Астана Опера» сахнасында Ұлттар театрының (Мәскеу) гастролін өткізеді. Бірнеше күн бойы қазақстандық көрермендер мүлдем әртүрлі, бірақ екеуі де бірдей танымал спектакльдер – француз режиссері Стефан Брауншвейгтің қойылымындағы «Ваня ағаймен» және Евгений Писаревтің «Тартюфымен» таныса алады. Бұл – ресейлік актерлік мектептің майталмандары – Евгений Миронов, Виктор Вержбицкий, Игорь Гордин, Марина Александрова, Аня Чиповская, Сергей Волков және тағы басқаларын бір сахнада көруге таптырмас мүмкіндік.
— Бүгінде театр өнерінің алдында адамдарды біріктіру, елдер мен мәдениеттер арасында көпір салу сынды өте маңызды міндет тұр. Өйткені театр – әрбіреуімізді толғандырған тақырып төңірегіндегі сырлы да шынайы сұхбат. Сондықтан Астанадағы гастроліміз үшін екі спектакльді, яғни француз режиссері Стефан Брауншвейгтің қойылымындағы «Ваня ағайды» және Евгений Писаревтің «Тартюфын» таңдап алдық. «Ваня ағай» спектаклінде Чеховтың кейіпкерлері әлемнің әрбір нүктесінде түсінікті қайғы мен үміт жайлы әңгімелейді, ал «Тартюф» — қауіпті қаруға айнала алатын діншілдік пен әдепке үйретушілік жайлы өзекті де заманауи хикая. Мұндай театр аударманы қажет етпейді: ол сезім мен эмоция тілінде сөйлейді, дәл осы себептен де ол соншалықты қажет, — деп атап өтті Ұлттар театрының көркемдік жетекшісі Евгений Миронов.
Гастрольдік бағдарламаны заманауи еуропалық режиссура көшбасшыларының бірі, Құрметті Легион Рыцарі атағының иегері және Францияның Өнер мен әдебиет орденінің кавалері Стефан Брауншвейгтің қойылымындағы «Ваня ағай» (8-9 қараша) ашады. Оның қоржынында әлемдік драматургия классиктері — Шекспир, Расин, Брехт, Ибсеннің туындылары бойынша ондаған еңбек бар, алайда Чеховтың осынау пьесасы бойынша жұмысты бастау үшін Брауншвейг 30 жылға жуық уақыт бойы іштей дайындалды.
Оның «Ваня ағайды» пайымдауы өзекті әрі таңғаларлық. Спектакльдің түпкі түйіні экология тақырыбына саяды. Режиссердің сөзінше, дәрігер Астров ормандардың оталуын қатты уайымдап, ғаламшардың жаһандық мәселелеріне көпшіліктің назарын аудартатын көреген жан болып шығады. Брауншвейгтің өзі бұл мәселені тереңірек түсініп, бұл мәтінге адамдар арасындағы қарым-қатынас экологиясын да сыйдырады. Әрине, бұл жаңашыл тәсіл Чеховтың әрбір ескертпелерін қатаң орындау қажеттігін жоққа шығармайды.
Спектакльдегі басты рөлдерді РФ халық әртістері Евгений Миронов (Войницкий) және Виктор Вержбицкий (Серебряков) орындайды. Оларға Марина Александрова (Елена Андреевна), Владимир Кошевой (Астров), Надежда Лумпова (Соня), Людмила Трошина (Войницкая) және тағы басқа әртістер қосылады. Ұлттар театрының Париждегі гастролі кезінде бұл спектакль 10 рет аншлагпен ұсынылды, енді ол Астана көрермені үшін де айтулы оқиғаға айналмақшы.
11-12 қарашада Жан-Батист Мольердің «Тартюф» спектаклінде көрермендерді мүлде басқа стиль мен жанр, бірақ дәл сондай жұлдызды құрам күтеді. Режиссер Евгений Писарев 1664 жылдағы классикалық комедияға шынайы хикая ретінде қарауды ұсынып, іс әрекетті қазіргі кездегі Францияға ауыстырады. – Мен Тартюфтың төңкерілген князь Мышкин болғанын қалаймын, — дейді басты кейіпкер жайлы Евгений Писарев, сондай-ақ ол өз қойылымын «Мұрагерлер» сатиралық сериясы стиліндегі отбасылық драматургия деп атады.
Оқиға арсыз әрі екіжүзді Тартюфтың айналасында өрбиді, ол діншілдіктің көмегімен Оргоннан барлығын – үйін, отбасы мен ақшасын тартып алуға тырысады. Басты рөлді Сергей Волков орындайды, оның сахнадағы серіктестері Игорь Гордин (Оргон), Ольга Науменко (Пернель), Аня Чиповская (Эльмира), Владимир Еремин (Лояль) және тағы басқалары болады. Сергей Самойленконың жаңа аудармасының қолданылуы мен кекесінді дауыс ырғағы «Хрусталь Турандот» театр сыйлығын иеленген осынау спектакльді қазіргі заманмен сәйкестендіреді, бірақ сонымен қатар Мольердің ұлы дәстүрлерімен де байланысты жоғалтпайды.
Спектакльдердің басталуы: 8 қараша 18:00-де, 9, 11 және 12 қараша 19:00-де.







