Астана Опера» еліміздің мәдени ортасын өзгертуде

Қазақстанда Республика күні 25 қазанда кеңінен атап өтіледі. 1990 жылы осы күні Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл – елдің тәуелсіздігіне заңды әрі саяси тұрғыдан жол ашқан құжат. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін атап өткендей, бұл күн көп ғасырлық мемлекеттіліктің қайта жаңғыруын және тарихи әділдіктің салтанат құруын айшықтайды.
— Республика күні – бізге мәдениетіміздің тәуелсіздік секілді берік негізі барын еске салатын мереке. Біз мұны «Астана Операда» ерекше сезінеміз, өйткені біздің театрымыз тәуелсіз Қазақстанда пайда болды және мемлекетіміздің мәдени символдарының біріне айналды. Бүгінде біздің сахнамызда қазақ шығармалары мен әлемдік туындылар шырқалуда, сондай-ақ біз елімізді халықаралық деңгейде таныстыра алатынымызды мақтан етеміз. Алғашқы жылдары театр салтанатты алаң түсінігі бойынша жұмыс істеді, бірақ өзінің жеке труппасын, оркестрін, балет мектебін қалыптастыру бойынша біртіндеп жүргізілген тыңғылықты жұмыс 2020-жылдардың ортасына қарай айқын нәтиже берді. Бүгінде «Астана Опера» – тұтас өндіріс орны іспетті: маусым сайын бірнеше премьера, ауқымды гастрольдер өтеді, одан бөлек театр жанындағы балалар студиясының, Халықаралық опера академиясының жұмысы бар. Театр түрлі фестивальдер өткізеді және Еуропа операсы мен Музыкалық театрлар қауымдастықтарының құрамына кіреді. Ал осы маусымда біз композиторлар Серікжан мен Әліби Әбдінұровтар арнайы «Астана Опера» үшін жасаған «Қыпшақ қызы Аппақ» ұлттық операсының әлемдік премьерасын ұсындық. Бұл түбегейлі бетбұрыс болды: театр шетелдік өнімді тұтынушы болуды тоқтатып, өз «өнімін» сыртқа шығара бастады,
— деп әңгімеледі «Астана Операның» Басқарма төрағасы Александр Совостьянов. Оның айтуынша, бұл мәдениет институтының толысқанын айғақтайтын алғашқы белгі еді.
Екіншісі – халықаралық шараларға қатысу моделінің өзгеруі.
– Әлемдік жұлдыздарды шақыру түпкі мақсат болудан қалып, тиімді құралға айналды: Пласидо Доминго, Зубин Мета, Валерий Гергиев, Денис Мацуев пен Юрий Башметтің елордалық сахнадағы өнер көрсетулері қазақстандық көрермендерде жоғары орындаушылық үлгіге деген дағдыны қалыптастырады. Көпшілік үшін бұл әлемдік жұлдыздарды өзімізде, Астанада көруге бірегей мүмкіндік, алайда бізге Қазақстан жайлы әртістеріміз арқылы білгені де әлдеқайда маңыздырақ. Елімізден тыс жерлерде өнер көрсету жұмысы жүйелі түрде жолға қойылғанын атап өтуіміз керек. Carnegie Hall, Opera Bastille, Teatro dell’Opera di Roma, Үлкен театр, Dubai Opera және Маскаттың Корольдік опера театрындағы гастрольдер, Италия мен Испаниядан бастап Оман мен Қатарға дейінгі география театрды қазақстандық мектепті экспорттаушы өкілге айналдырады.
Гастрольдердің барлығы – қазақ өнерін халықаралық көрермендерге таныстыру мүмкіндігі. Бұл мерейтойлық жыл үшін өте маңызды: еліміз әлемге ресурстарын ғана емес, өзінің мәдени мәртебесін де паш етіп отыр, — деп атап өтті Александр Совостьянов.
— Мемлекетіміздің қолдауы арқасында театрымызды дәл осындай қарқынды ырғақта дамытуға мүмкіндігіміз бар. Көрермендер санының артып келе жатқанын, жас ұрпақтың театрға, әсіресе ауқымды ұлттық туындыларға деген қызығушылығының айтарлықтай өскенін көріп отырмыз, бұл әрине, қуантпай қоймайды. Бұл біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды білдіреді. Бүкіл ұжымның атынан қазақстандықтарды керемет мереке – Республика күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Баршаңызға мықты денсаулық пен амандық тілеймін. Өнер барлықтарымызды біріктіріп, еліміз гүлдене берсін, — деп қорытындылады «Астана Операның» Басқарма төрағасы Александр Совостьянов.







