Мәжіліс депутаты: Заңның күші — қабылдануында емес, орындалуында.

0
17

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан «Уәде» телебағдарламасына сұқбат беріп, жаңа Конституциядағы қабылданған заңдар мен ұсынылған ұсыныстар жөнінде айтты. Депутат жаңа заң жобасын жасау негізінде адвокатура институтын құру мен Парламенттің ықпалын арттыру секілді оннан аса ұсыныс тастағанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, депутат  тіл мәртебесіне қатысты ұсыныс бергенін жеткізді.

 Тіл мәртебесіне қатысты депутаттар бірнеше ұсыныс берді. «Тіл туралы» Заңның II бабын түгелімен алып тастау керек деген де ұсыныстар болды. «Мен осы ұсыныстар берілген жерде теңдік пен қатарлыққа қатысты өз ұсынысымды бердім, аталған ұсыныс мемлекет тарапынан қолдау тапты», — дейді депутат Абзал Құспан.

Жаңа Конституцияға сәйкес, Құрылтай құзыреттілігі мен Конституциялық сот жүйесі күшейеді. Үкімет басшылары мен жоғары лауазымды тұлғалар енді Құрылтай келісімімен тағайындалса, сот жүйесі мен заң баптары бойынша талап-арызы бар азаматтар Конституциялық сотқа жүгіне алады.

Абзал Құспан депутат әрі заңгер ретінде мемлекетте әлі де толықтай заң үстемдігі орнамады деп санайды.

Заң үстемдігін орнату — ұзақ жүретін процесс, бірақ өзгерістер бар. Бұны жоққа шығаруға болмайды. «2022 жылы Конституциялық сотты қалпына келтіргеннен кейін 100-ге жуық заңға Конституциялық сот шешімін арқау етіп алдық, оның абсолютті басым бөлігі қарапайым азаматтар мен адвокаттардың жүгінуі нәтижесінде орын алды», — дейді ол.

«Референдум қаншалықты әділ әрі ашық өтті?» деген сұраққа депутат: «Бұл — республикалық шара болғандықтан, кем-кетіксіз өтті деп айтуға болмайды, дейтұрғанмен бұл халықтың өзгеріске деген сенімін көрсетеді», — деді. Референдум кезінде TURKPA ассамблея мүшелері Қазақстанның бірнеше қалаларында болып, референдумның ашықтығына жоғары баға бергенін айтты.

Мәжіліс депутатының сайлауалды халыққа берген уәделері де назардан тыс қалмады. Абзал Құспан өз бағдарламасында Жайықтың жайы мен Батыстың жолын парламенттік және халықаралық деңгейде көтеруге уәде еткен. Ал бүгінде «бұл уәде қаншалықты орындалды?» деген сұраққа депутат Батыс өңіріндегі тарихи жер — Бөкей ордасының жол құрылысы аяқталғанын хабарлады. Ал Жайықтың жайы Ресейдің Орынбор қаласындағы заңсыз салынған су қоймасының жарылуы нәтижесінде жақсы екенін жеткізді.

Елдегі жемқорлықты жою жолдарын депутат әрі заңгер Конституция бойынша заңды реттеу арқылы қолға алу керек деп есептейді. Жемқорлықты жою заң жүйесінің сапасы мен орындалуына байланысты жүзеге асатынын айта келіп, заңның орындалуы Үкімет пен құқық қорғау органдары және Соттың жұмысына тікелей байланысты екенін жеткізді.

Мәжіліс депутаты 2023 жылғы сайлауалды бағдарламасында жемқорлықты жою үшін шетелдегі заңсыз активтерді елге қайтару туралы заң қабылдау туралы бастама көтерген. Аталған заң қазіргі уақытта заңды күшінде. Депутат бұл заң аталған мәселе бойынша жақсы жұмыс атқарғанын алға тартып, Қазақстанның жемқорлықпен күрес бойынша халықаралық рейтингте ілгерілеуіне сеп болды деп есептейді. Қабылданған жаңа заң жобасы жемқорлықпен күресудің екінші кезеңі екенін алға тартты.

Жаңа Конституцияда «Жер мен табиғи ресурстардың иесі — халық» деп бекітілді. Халықтың әлеуметтік жағдайы және бай мен кедей арасындағы теңсіздікті жою үшін заң шығарушы орган несие алу бойынша нақты шектеу мен банктердің жауапкершілігін арттыратын заң қабылдады.

Бұл туралы Абзал Құспан былай дейді: «Бізде білім деңгейі жоғары болғанымен, қаржы сауаттылығы, өкінішке орай, төмен. Бізде жекелеген топ өкілдеріне, яғни тәуекел аймағына енген топ өкілдеріне несие алу мәселесін күрделендіруді заңмен бекітуге тура келді».

Телебағдарлама соңында Мәжіліс депутаты көп жылдан бері қабылданбай келе жатқан жеке детективтік туралы заңды тілге тиек етті. Бұл заңның қабылдануына құқық қорғау органдары қарсы, дейтұрғанымен бұл заңды алдағы уақытта қабылдатуға тырысамын дейді депутат. Бұдан бөлек депутат Қылмыстық заңнаманы тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыс істеуге уәде берді.

Тастанбек Аяулым


ПІКІР ЖАЗУ