Сауалнама: Азаматтар билікке сенеді, бірақ ашық сынаудан қорқады

Demoscope қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы «Билік институттарына қоғамның сенімі» тақырыбында жүргізілген сауалнама нәтижесін жариялады. Сауалнама 2026 жылдың 24 ақпаны мен 6 наурызы аралығында жүргізілген. Жоба MediaNet халықаралық журналистика орталығы және PAPERLAB зерттеу орталығымен бірлесе отырып, Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асты.
Demoscope бюросының дерегіне сүйенсек, азаматтардың басым көпшілігі 85,4% елге өзгеріс керек деп есептейді. Сауалнамаға қатысушылар арасында ауқымды және шешуші реформа күтіп жүргендердің үлесі басым. Халықтың 71,6% елге ауқымды өзгеріс керек деп санаса, 13,8% елге аз ғана өзгеріс қажет деп санайды.
Аталған бюро осыған ұқсас сауалнаманы 2023 жылдың желтоқсан айында да жүргізген. Ол кезде өзгерісті қалайтын халықтың үлесі 89,9% құраған. Бұл сауалнама 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» жолдауынан кейін 1 жыл 9 ай уақыт өткен соң жарияланған болатын. Одан кейінгі уақытта елде біршама саяси оқиғалар орын алды. 2024 жыл АЭС салу бойынша референдуммен және елдің әлеуметтік, экономикалық, құқықтық салаларын дамытуға арналған заңдардың қабылдануымен есте қалды. 2025 жылы Қазақстанда Салық кодексі қабылданып, бір палаталы Парламент құру туралы ұсыныстар айтылса, 2026 жылы жаңа Конституция қабылданды.
2026 жылғы сауалнама нәтижесі қоғамда Президентке деген халық сенімі ең жоғары көрсеткішті көрсетті. Деректерге сүйенсек, қоғамдағы ел Президентіне деген сенім 61,3% құраған. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 69,4% құраған болатын.
Demoscope сауалнама нәтижелерін негізге ала отырып, қоғамда пікірін ашық білдіруден қорқатын азаматтар үлесі көп екенін мәлімдеді. Азаматтардың 56% интернетте биліктің әрекетін ашық сынаудан қаймығуын аталған бюро қауіпті үрдіс деп санайды. Талдау нәтижелері билікті сынаудан қорқу деңгейі неғұрлым жоғары болған сайын, билікке деген қоғамның сенімі соғұрлым төмен екенін көрсетті дейді талдау бюросы.
Сауалнама азаматтардың мемлекеттік шешім қабылдауға ықпал ету мүмкіндігін де зерттеді. Онда халықтың 47% азаматтардың мемлекеттік шешім қабылдауға ықпал ету мүмкіндігі жоқ деп жауап берсе, 46% ықпал етуге мүмкіндігі бар деп есептейді.
«Қазақстан дұрыс бағытта дамып жатыр ма?» деген сұрақ бойынша респонденттердің 44,6% оң жауап берсе, қалған 27,8% «дұрыс бағытта кетіп бара жатқан шығар» деген ойда. Ал 18,7% елдің даму бағытын қиыс деп санайды. Ал «Әділетті Қазақстан» құру тұжырымдамасын сауалнамаға қатысушылардың 55,6% биліктің әрекетімен сәйкес келеді десе, 33,8% қарама-қайшы пікірде.
Қорытындылай келе, сауалнама нәтижелері елде қалыптасқан парадоксты көрсетті. Қазақстанда реформаларға деген сұраныс жоғары болғанымен, қоғамның бұл талабы елеусіз қалып жатқаны байқалады. Бұл елде билік институттарына сенім шартты сипатта екенін және қоғамның нақты өзгерісті қажет ететінін көрсетеді дейді Demoscope қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы.
Тастанбек Аяулым Шалхарқызы








