«Өтудесің, өтесің замандарым» деп жырлаған қазақ ақыны, драматург Мұхтар Шаханов өмірден озды.

0
32

Мұхтар Шаханов — қазақ халқының ақыны ғана емес, ұлт жанашыры. Ақын қазақ қоғамына тек шығармашылығымен ғана емес, батылдығымен, Отан үшін жасаған ерлігімен есте қалды. Ол 1989 жылы КСРО халық депутаттарының съезінде Желтоқсан шындығын әлемге паш етті. Оның бұл әрекеті Желтоқсан құрбандарын ақтап, тарихи шындықты ашуға атсалысты. Бұдан бөлек, КСРО кезінде тыйым салынған Наурыз мейрамын тойлауды қайта қалпына келтірді және Арал теңізінің тартылуын ғаламдық апат деп атап, оны халықаралық деңгейде көтерді.

Мұхтар Шаханов — тіл жанашыры еді. Ақын «Рух пен Тіл» өлеңінде:

«Адам қанша болғанымен дарынды әрі табанды,
Туған жерін сүймей тұрып, сүймек емес ғаламды.
Өзге ананың мазмұнына, мерейіне тор құрар,
Алдыменен өз анасын сүйе алмаған сорлылар», — деп жырлайды.

Ол қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында аянбай еңбек етті. Шаханов Қазақ КСР «Тілдер туралы» Заңында қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуын талап етіп, оның ұсынысы қайта дауысқа салынып, қазақ тілі мемлекеттік тіл болып қабылданды.

Ақынның «Төрт ана», «Желтоқсан эпопеясы», «Өркениеттің адасуы» секілді еңбектері мен поэмалары дүниежүзі халықтарының 20-дан астам тіліне аударылған. Мұхтар Шаханов өз шығармашылығында «Махаббат» ұғымын терең түсіндіреді.

Махаббатты үйлену деп ойлайды,
Құдіреттің құнын білмес сорлылар», — деп жырласа, енді бір сөзінде: «Махаббат дегеніміз — екі парасатты адамның сана биігінде жолығуы», — деп махаббатқа ерекше баға береді.

Мұхтар Шаханов — танымал әндердің авторы. Олардың қатарында «Өмір-өзен», «Арыс жағасында», «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең» секілді қазақ әндері бар. Ал «Туған күн кешінде», «Жұбайлар жыры», «Гүл дәурен», «Мен саған ғашық едім» әндерінің сөзін де, әнін де өзі жазған.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Шаханов тек ақын ғана емес, драматург. Оның «Махаббат заңы», «Сенім патшалығы» секілді драмалары шетелдік сахналарда қойылған. Мұхтар Шаханов — тек қазақтың ғана емес, қырғыз жұртының да ақыны. 1994 жылы оған «Қырғыз халық ақыны» атағы берілді. Одан бөлек, ақын біршама шетелдік сыйлықтардың иегері.

Мұхтар Шаханов — бір емес, бірегей тұлға. Ол өмірін шығармашылыққа ғана емес, туған жеріне де арнады. Ол шығармашылығымен қоса шындығын да қатар алып жүрді. Беріспеді, тынбады. Шахановтай азамат қайта тумас, туса да ғасырда бір туар.

Тастанбек Аяулым Шалхарқызы


ПІКІР ЖАЗУ