Арал тағдыры – аймақ болашағы

0
16

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Аралды құтқару қоры құрылтайшыларының отырысын өткізді. Ақорданың баспасөз қызметі Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекет басшылары кеңесінің отырысына қатысушылардың Ақордаға келгенін хабарлайды.

22 сәуір күні елордада өңірлік экономикалық саммит өтті. Аталған саммитте Президент:

«Су қауіпсіздігі – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін аса маңызды мәселе. Болашағымыз тіршілік нәрін қаншалықты ұтымды әрі әділ пайдалана алатынымызға байланысты болмақ. Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкеліп соғатынын еске салып тұрады. Сондай-ақ батыл әрі ғылыми негізі бар жүйелі шаралардың арқасында қандай нәтижеге жетуге болатынын көрсетеді», – деді.

Аралды қалпына келтіру жұмыстары 30 жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп келеді. 1993 жылы 23 наурызда Орталық Азия елдерінің басшылары Қызылордада Халықаралық Аралды құтқару қорын құрды. Аталған қор қазіргі уақытқа дейін жұмыс істейді. 2024-2026 жылдары аталған қорға Қазақстан төрағалық етеді. Өңірлік экономикалық саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай отырысында Қазақстанның үш жылдық төрағалығын қорытындылайтынын мәлім етті.

Бүгінгі таңда Аралдың жағдайы біршама жақсарған. Солтүстік Аралдың 36 пайызына жуығы қайта қалпына келді. Су сапасы жақсарып, балық қоры молайды. Арал теңізінің табиғи-экологиялық мұрасын сақтау барысында «Арал геопаркі» құрылды. Президент Арал геопаркін ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер желісінің нысандары қатарына қосу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Сонымен қатар Президент қазіргі уақыттағы Арал бассейнінің экологиялық ахуалына тоқталды. Соңғы жылдары аталған аймақтың климаты өзгеріп, құрғақшылық күшейді және жауын-шашын көлемі азайды. Аралдың құм шөлінен жыл сайын миллиондаған тонна тұз бен құм секілді химиялық заттардың атмосфераға көтерілуі экожүйе мен адам денсаулығына зиянын тигізіп отыр. Ғалымдардың зерттеуінше, теңіз табанынан ұшқан тұзды шаң Памир мен Тянь-Шань мұздықтарына дейін жеткен. Ал мұздықтардың азаюы су қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Мемлекет басшысы осы мәселелер жөнінде стратегиялық тұрғыдан маңызды шешімдер қабылдап, өнімді жұмыс істеуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Аралды құтқару қорын Орталық Азиядағы су шаруашылығы мен экологиялық мәселелердің шешімін табу үшін өңірдегі мемлекеттердің күш-жігерін ортақ арнаға ұйыстыратын бірден-бір институционалдық платформа деп атады.

 


ПІКІР ЖАЗУ