Әлемде мұнай бағасы қымбаттады

Осыдан бір апта бұрын Пәкістанда АҚШ пен Иран мемлекеттері екі апталық бейбіт келісім туралы келіссөздер жасасты. Нәтижесінде әлемде доллар бағамы өсіп, мұнай бағасы арзандаған еді. Бірақ екі ел арасындағы келіссөз нәтижесіз аяқталды. Тегеран Вашингтонға қарсы қаулы қабылдап, қақтығысты тоқтатудан бас тартты. Оған жауап ретінде АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазын қоршауға алу туралы мәлімдеме жасады. АҚШ Президентінің мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы күрт өсті. Соңғы көрсеткіштерге сәйкес, Brent маркалы мұнай бағасы 100 доллардан 111 долларға дейін көтерілсе, WTI маркалы мұнай бағасы 107 долларды құрады.
Шетелдік БАҚ-тың хабарлауынша, бүгін АҚШ Иран порттарын қоршауға ала бастады. Трамп әлеуметтік желісінде блокадаға жақындауға тырысқан кез келген ирандық шабуылдаушы катерлердің дереу жойылатынын ескертті деп хабарлайды BBC ақпарат агенттігі. Ал Тегеран бұл шектеуді заңсыз әрі қарақшылық деп мәлімдеді.
Әлемдік сарапшылардың мәлімдеуінше, АҚШ-тың бұл әрекеті әлемдік дағдарысты одан әрі күшейтеді. Ал қазақстандық сарапшылар мұнай бағасының өсуі бюджет үшін тиімді, бірақ экономика үшін қауіпті екенін жеткізді. Сарапшылар бағаның ауытқуы инфляцияға, инвестицияларға және қаржы нарықтарына әсер етуі мүмкін деп болжам жасап отыр.








