Музыка заманауи бейнеөнермен диалог құрады

0
35

4 желтоқсанда «Астана Опера» театрының Күләш Байсейітова атындағы Камералық залында Music & Video Art концерті өтеді. Кеш барысында сахнада нағыз өнер диалогы өрбиді: бағдарламаның бірінші бөлімінде театр оркестрі мен солистердің орындауында отандық және шетелдік композиторлардың туындылары шырқалса, екінші бөлімде көрермендерге қазақстандық суретші Мансұр Смағамбетовтың Parsifal бейнеинсталляциясы ұсынылады.

– «Астана Операның» бейнеарт жанрына бет бұрып, заманауи өнер мен академиялық музыканың тоғысуына кеңістік жасап жатқаны мені қатты қуантады, – дейді жуырда 61-ші Венециялық биенналедегі Қазақстанның ұлттық павильонында жұмысы қойылған танымал суретші Мансұр Смағамбетов. – Қазақстанда еңбек ететін суретші ретінде бұл мен үшін дәстүрлі опера театрының өзге де көркемдік формаларға ашыла алатынын көрсететін маңызды әрі қызықты үлгі болып табылады. Маған әсіресе Parsifal туындысының концерттік бағдарлама мен театр кеңістігі контекстінде көрермендер тарапынан қалай қабылданатыны өте қызық.

Parsifal бейнеинсталляциясында суретші ондаған жылдарға созылған ядролық сынақтар мен олардың зардаптары аясында қалыптасқан Семей бейнесіне ерекше назар аударатынын атап өтуіміз керек. Бейнеинсталляция 2024-2025 жылдары Семей жанында болған орман өртінің орнында түсірілген және адам, табиғат пен уақыттың өзара байланысы тақырыбына арналған.

– Бұл – мекеннің естелігі, қарағайлы ормандағы өрттер, ядролық сынақтардың зардаптары және өткеннің ызғары бүгінгі кезде де байқалып жатқаны туралы еңбек. Туған қаламның басынан өткен ауыр жағдай осы жұмысты жазуыма түрткі болды. Мұнда мен сол тәжірибе мен Рихард Вагнердің «Парсифаль» операсының сюжеті арасында салыстыру жүргізіп, оның бейнелеріне өзіміздің төл мәдени контекстіміз арқылы жүгінемін, — деп түсіндірді автор.

Биыл суретшіге Италиядағы 42-ші Asolo Art Film Festival Video Art секциясында бас жүлдені әкелген осынау туындыны енді «Астана Опера» көрермендерінің тамашалауға және музыка мен заманауи бейнеөнердің диалогы қалай өрбитінін көруге мүмкіндігі болады. Бұдан бөлек, бағдарлама соңында суретшімен және фильмде «Парсифаль» операсынан Амфортастың ариясын орындаған театрдың жетекші солисі, бас, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Евгений Чайниковпен, сондай-ақ жоба авторларымен шығармашылық кездесу өтеді деп жоспарланып отыр.

Ал концерттің бірінші бөлімінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедьяровтың басқаруындағы театр оркестрі, «Астана Операның» бірінші скрипкасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов пен скрипкашы Әнел Шәкірова сахнаға шығады. Бағдарламаны көрнекті қазақ композиторы Тілес Қажығалиевтің «Концертштюгі» ашады. Автор бұл шығармасында еуропалық академиялық музыканың техникасын қазақтың дәстүрлі күй өнерімен шебер ұштастырған. Сондай-ақ осынау кеште тыңдармандар Альфред Шниткенің өз дәуірінің рухани дағдарысы, жалғыздығы және адам жанының мәңгілік ізденісі туралы ойлануға шақыратын Екі скрипка мен камералық оркестрге арналған №1 кончерто-гроссо туындысын естиді.

Концерттің басталуы 19.00-де.

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ