Әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова: «Томирис» – Юрий Григоровичтің қойылымындағы «Спартакпен» тең келетін балет

0
46

Астана Опера» театрында «Томирис» ұлттық балетінің әлемдік премьерасына арналған баспасөз шарасы өтті.

Жиынды ашқан театрдың басқарма төрағасы Александр Совостьянов «Томирис» балетінің премьерасы еліміздің мәдени өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірі екенін, спектакль Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен сахналанғанын атап өтті.

– Біз ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай осындай отансүйгіштік рухтағы тарту жасағымыз келді және ойымыз сәтті жүзеге асты деп санаймын, өйткені бұл балет өз жерін, Отанын, өз Тәуелсіздігін қорғаған қайсар әйел туралы баяндайды. Біздің театрымыз үшін бұл – аса маңызды премьера. «Томирис» – толықтай «Астана Опера» ұжымының өз күшімен дүниеге келген алғашқы толықметражды ұлттық балет. Спектакльдің музыкасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр композиторы Хамит Шаңғалиев жазды, ал қоюшы хореограф ретінде солисіміз, дарынды әртіс Сұлтанбек Ғұмар өнер көрсетті. Біз өз мамандарымызды тәрбиелеп, оларға ауқымды ұлттық жобаларды сеніп тапсырамыз және мақтанарлық нәтижені көріп отырмыз, — деді А.Совостьянов

 

Балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова труппаның премьералық спектакльді зор патриоттық сезіммен орындап жатқанын, бұл балет жер шарының әр бұрышындағы көрермендерге түсінікті болатынын және де алдағы уақытта «Томиристі» барлық жерде көрсету қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар ол балетте музыка, хореография мен көркемдік безендіру ойдағыдай үйлесім тапқанын, бұл балетті шынымен де сәтті қойылымға айналдырғанын және спектакль адам жанының ең түкпірінде жатқан сезімдерді оятуға қауқарлы екенін қоса айтты.

Әлемдік балет жұлдызының айтуынша, «Томирис» — Юрий Григоровичтің қойылымындағы «Спартакпен» тең келетін балет. Кезінде аңызға айналған хореограф Ю.Григорович та өзінің айналасына кіл мықты шеберлерді жинап, нағыз жауһарды жасап шығарды. Сұлтанбек Ғұмардың хореографиясындағы «Томирис» балетінде де осы жағдай қайталанып отыр. Жас дарын С.Ғұмар композитор Хамит Шаңғалиевпен бірлесіп, қазақстандық балет өнеріндегі елеулі оқиғаға айналған спектакльді дүниеге әкелді. Әдетте, балет труппасының көркемдік жетекшісі хореографияға баға беруге келгенде өте ұстамды. Алайда бұл жолы Алтынай Асылмұратова «Томирис» балеті жайлы өзінің жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар ол костюмдер бойынша дизайнер Дариға Тайшықованың әрбір детальді терең зерттегенін, әрбір сахналық киімге отансүйгіштік сезімі мен жанының бір бөлшегін салғанын айтты. Хамит Шаңғалиевтің керемет музыкасы, жапониялық суретші Йоко Сеяманың сценографиясы да балет труппасының көркемдік жетекшісі тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Өз кезегінде қоюшы хореограф Сұлтанбек Ғұмар «Томирис» алғашқы екі актілі қойылымы екенін, театр тарапынан осы балетті қою туралы ұсыныс түскенде қатты толқу үстінде болғанын әңгімеледі.

– Томирис – өзінің батылдығымен, ақыл-парасатымен және Отанын сыртқы жаулардан қорғаудағы ерлігімен тарихта өшпес із қалдырған бірегей тұлға. Томиристі тарихи кейіпкер ретінде ғана емес, қазіргі заманда әйелдерге, жалпы қоғамға қажетті дағдылардың толық кейсі ретінде көремін. Томирис басына түскен ауыр сынақтарға қарамастан, жүрегіндегі елі мен жеріне деген сүйіспеншілікті, баласына деген аналық ыстық сезімді сақтай білді. Қайғы мен қиындыққа мойымай, басын тік ұстап, елін аман алып қалу және басқару – оңай шаруа емес, сондықтан тарихымызда Томиристей бірегей тұлғаның болуы – біздің үлкен бағымыз деп білемін.

Сонымен қатар баспасөз шарасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері либретто авторы Ермек Аманшаев пен композитор Хамит Шаңғалиев сөз сөйледі. Осы орайда танымал драматург Е.Аманшаев «Томирис» балеті Қазақстан Республикасының Конституциясымен үндесетінін, онда ар-намыс, әділдік секілді маңызды тақырыптар көтерілетінін атап өтті. Бұдан бөлек, Томиристің басты партиясын орындаушы балет солисі София Әділханова және Кир рөлін сомдаған оның әріптесі Айдан Қалжан Сұлтанбек Ғұмардың хореографиясы және өз кейіпкерлерінің бейнелерін ашу үшін қалай еңбектенгендері туралы айтып берді. Ал костюмдер бойынша суретші Дариға Тайшықова қойылымның көркемдік безендірілуіне қатысты өз көзқарасын ұсынды.

Еске сала кетейік, «Томирис» ұлттық балетінің әлемдік премьерасы 26-27 қарашада «Астана Опера» театрында өтеді. Спектакльдегі партияларды балет труппасының дарынды солистері мен кордебалет әртістері жүзеге асырады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жасалған жаңа спектакль Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орайластырылған.


ПІКІР ЖАЗУ