Жангелді Шымшықов: Ақмоланы Астана еткен Ақаевтың сөзі.

0
17

Жангелді Шымшықов «Адырна» ұлттық порталының «Таразы» подкастында берген сұқбатында КСРО кезіндегі саяси-тарихи оқиғалар мен Қазақстан болашағына әсер еткен маңызды шешімдер жөнінде сөз қозғады. Экономист подкастта Желтоқсан оқиғасы мен Астана атауының тарихын, сонымен қатар «Невада-Семей» қозғалысы туралы тарихты айтты. Бұдан бөлек, ол еліміздің саяси, демографиялық жағдайы мен экономикасы жөнінде және қазіргі салық жүйесіне қатысты өз пікірін білдірді.

Жангелді Шымшықов Желтоқсан көтерілісі уақытында Торғай облысы, Арқалық университетінде қызмет еткен. Оның сөзінше, Желтоқсан — бір мезетте тұтанған от емес. Ол Дінмұхаммед Қонаевты орнынан алып тастаған соң ғана басталған жоқ. Желтоқсан — ұзақ уақыт бойы жиналған халықтың ашуының көрінісі. Желтоқсан — Алаш қозғалысынан кейін орын алған әрбір оқиға мен идеологияның алғышарты. Сол кездегі Жұмабек Тәшеновтің бес облысты бір оқсыз сақтап қалуы, Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романының жарық көруі, қоғам орыстанып, домбыра ұмыт болып жатқанда «Дос-Мұқасан» тобының пайда болуы — қазақ халқының рухының оянуына әсер етті. Сол кездегі халық әні «Дударайды» орыс қыздарының жаңартып қайта орындауы, осы секілді біршама оқиғалар Желтоқсан көтерілісінің тұтануына себеп болды. Сол уақытта Горбачевтің қазақ даласына өзге ұлтты басшы етіп сайлауы көтерілістің басталуына сылтау болды.

Лениннің «мемлекетті басқарушы — сол мемлекеттің тілін, тарихын, мәдениетін білетін адам болуы керек» деген нұсқаулығы бола тұра, Горбачевтің Колбинді билік басына қоюы — оның басты қателігі еді. «Мен 1986 жылы қабырға газетіне Лениннің сол мақаласының астын сызып тұрып жариялағанмын. Онда «Русский шовинист — подлец, насильник. Он хочет, чтобы все говорили на русском» деген жазба болды. Мен сол жазбаны қабырға газетіне шығарған кезде партком хатшысы мені жазаламақшы болды. Ал мен оған Лениннің томын көрсетемін. Ол аталған томды кітапханадан алып, өз көзіне өзі сенбеді. Ол кезде ол партком хатшысы бола тұра коммунистік идеяны түсінбеді, ленинизм оның мұрнына да бармады», — деп еске алды Шымшықов.

1987 жылдың қаңтарында Горбачев пленумда сөйлеген сөзінде: «Тарихты таза күйінде беру керек, ресми тарихтан бас тарту керек, халықтың арасындағы тарихты жариялау керек», — деп сөз сөйлейді. «Осы сөзден кейін мен «Знание» қоғамы арқылы совхоздарға іссапармен барамын. Онда мен Голощекиннің қолдан жасаған аштығы туралы, ондағы қырылған адам санының миллионнан асатыны туралы айттым», — дейді экономист.

Жангелді Шымшықов — 100-ден астам еңбектің авторы. Ол өз еңбектерінде тең дәрежелі бәсекелестік арқылы қоғамның дамуын сипаттайды. Оның сөзінше, экономикаға мемлекеттің араласуы, субъективті және волюнтаристік әрекеттер бәсекелестік ұғымына қарама-қарсы. КСРО-ның ыдырауының өзі бәсекелестіктің жойылуында еді. Ал қазіргі қоғамда демократия деген сөздің өзі бәсекелестік дегенді білдіреді. Бірақ мемлекеттің жасап отырған ісі — оған қарама-қайшы. Бәсекелестік жүйеде жұмыс істеген қоғамда озық нәрсе жеңіп шығады. Ал бұл — экономикалық тиімділік.

Экономист ел экономикасын даму барысындағы экономикаға тән емес деп атады. Оның сөзінше, даму барысындағы демократиялық экономика — бәсекелестікке құрылған экономика. Нақты айтатын болсақ, ел экономикасы — отар елдің экономикасы. Бізде ұлттық сана-сезімді отарсыздандыру керек. Қоғамда әлі күнге дейін жат идеологияға табыну бар. Өз құндылығын білетін халық пен мемлекет жаңашылдыққа бейім болады дейді.

1991-1993 жылы Жангелді Шымшықов Ақмола қаласында депутат болып қызмет атқарды. Сол уақытта елде «Невада-Семей», «Азат» қозғалыстары орын алды. Жангелді Шымшықов аталған қозғалыстар жөнінде былай дейді: «Невада-Семей» қозғалысы кезінде мен Алматы қаласында іссапарда едім. 1989 жылы О. Сүлейменов Қазақстан Жазушылар одағының алдында үлкен жиын өткізді. Бұл қозғалыстың жүзеге асуына атсалысқан азаматтардың бірі — Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев болды. Ол Горбачевке тікелей барып, комиссия шақыртқан. Комиссия тексерісінен кейін ғана Сүлейменовке шеруге шығуға рұқсат берілді». Семей жарылысына куә болғандардың бірі — Дәуренбек Әубәкіров. Туып-өскен жері — Семей облысы. «Ол мектепте оқып жүрген кезінде өздерімен киіз алып келіп, жарылыс кезінде киізді жамылып, аяқталмайынша күтіп отырады екен», — деп Шымшықов өз естелігімен бөлісті.

«Депутат болып қызмет атқарған жылдары мен халыққа Целиноград қаласының тарихи атауын қайтарамын деп уәде бердім. Целиноград атауының Ақмола болып ауысуына бізге 300 мыңнан астам хат жолданды. Оны тілші Мұратбек Тоқтағазин Алматы қаласына апарып, Жоғары Кеңеске тапсырды. Қаңтар айында Жоғары Кеңес шешім қабылдауы тиіс болды. Ол уақытта мәслихат депутатында 8 ғана қазақ болды. Шешім қабылдану үшін 38 градус аязда әр институттың студенттері шеруге шықты. Осындай депутаттарға деген қысымның нәтижесінде Целиноград Ақмола болып өзгертілді», — дейді Шымшықов. 1998 жылға дейін Нұрсұлтан Назарбаев қала атауы өзгеріссіз қалады деді. Бірақ бір жиында Қырғыз президенті Асқар Ақаев: «Ақмола деген не, Астана деп өзгертіңдер», — деп, бір аптадан соң қала атауы Астана болып шыға келді.

«Қаланың тарихи атауын кезінде аудармашы Хрущевке «Ақ — белый, мола — могила» деп аударған. Негізіне келер болсақ, бұл жердегі «мола» сөзі — зират емес, мазар дегенді білдіреді», — дейді. «Мәселен, қазіргі Балкашиноны алатын болсақ, Балкашино деген атау қалды, ал Балкашин — қазақты қырған урядниктің аты. Бұл атау әлі күнге дейін өзгермеді. Бұл — тарихқа жасалған қиянат», — деп пікір білдірді Шымшықов.

Жангелді Шымшықов саяси мәселелерден бөлек, дін мәселесіне де атсалысқан. Файзулла имаммен бірлесіп, шетелге шәкірттерді жаппай жіберу тенденциясына байланысты алғаш рет халықаралық діни конференция өткізді. Оған Иран, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Башқұртстан мемлекеттері қатысты. Конференция бірнеше секцияларға бөлініп, 2 күнге созылды. Нәтижесінде мектептерде «Дінтану» сабағын қосу жөнінде Үкіметке сауал жолдадық. Шетелге кеткен студенттерді тек сүнниттік және ханафилік бағыттағы медреселерге ғана жіберу керек деген ұсыныс тастадық. Бұл ұсыныс өзгеріссіз қалды- деп өз сөзін аяқтады.

Жангелді Шымшықов тек экономист  ғана емес, ол тарихтың жасаушысы. Оның  ел үшін еткен еңбегі Қазақстанның ұлт болып қалыптасуына  өз септігін тигізді.  Ол тарих пен болашақтың көпірі.

Тастанбек Аяулым Шалхарқызы


ПІКІР ЖАЗУ