Астана мемлекеттік ХАБЫ басқарушысы: Қайтарылған активтер қайда жұмсалауда? деген сұраққа жауап берді

jibek.joly
«Уәде» телебағдарламасының кезекті қонағы — Астана мемлекеттік хабының басқарушысы Әлихан Байменов. Ол мемлекеттік басқару жүйесінің жұмысы туралы маңызды сұрақтарға жауап берді.
«Мемлекеттік орган халыққа қызмет көрсететін сервис пе, әлде бұйрық беретін жабық каста ма?» деген сауалға басқарушы: «Заң нашар болса да, жақсы мемлекеттік қызметкерлермен мемлекетті басқаруға болады, бірақ мемлекеттік қызметкерлер нашар болса, жақсы заңдар да көмектеспейді», — деп Бисмарктың сөзін мысалға келтіріп, мемлекеттік органдардағы кәсіби мемлекеттік қызметкерлер мен саяси қызметкерлердің жұмыс істеу принциптеріне тоқталды.
Мемлекеттік орган — халыққа қызмет ететін орган. 2011–2012 жылдары елімізде мемлекеттік органдардың қызметі туралы жаңа заң қабылданды. Заң қабылданғаннан кейін мемлекеттік органдардың жұмысын бағалауда халыққа қызмет көрсету сапасы критерий ретінде енді. Аталған жүйе мемлекеттік орган қызметін 5-6 бағыт бойынша бағалайды. Оның бірінші бағыты органдардың халыққа қызмет көрсету деңгейінің сапасын анықтаса, екінші бағыты — халыққа қызмет көрсеткенде ол қағазбастылыққа салына ма, әлде нақты талап етілген қызметті көрсете ме деген мәселені қамтиды.
Сұхбат барысында Ерболат Мұхаммеджан басқарудың әкімшілік жүйесіндегі мәселе ретінде биліктегі институционалдық тұрақсыздықты атап өтті. Әлихан Байменовке осы мәселе тұрғысында: «Басқару жүйесіндегі тұрақтылықты қалай қалыптастырамыз?» — деп сауал жолдады.
Кәсіби тұрақтылықты қалыптастыру мақсатында мемлекеттік қызмет заңына арнайы бап енгізілді. Ол бапта саяси мемлекеттік қызметкердің ауысуы саяси мемлекеттік қызметкердің кетуіне негіз бола алмайтындығы жазылған. 2013 жылы «А» корпусы деп іріктеу өткізіп, аудан әкімдері мен комитет төрағаларын 4 жылға келісімшартқа отырғыздық. Аталған қызметкерлер 4 жыл ішінде келісімшарттағы көрсеткіштерге қол жеткізсе, олар жұмысын жалғастырады. Ендігі уақытта «А» корпусының құрамына облыстық басқарма басшылары да енеді. Бұл да оң құбылыс, себебі ол жерде де кәсіби мамандар отыруы керек.
Мемлекеттік басқару жүйесінде меритократия принципі заң жүзінде бекітілген. Дегенмен, меритократияның мемлекеттік қызметтегі рөлінде мәселе жоқ та емес. Бұл жөнінде Байменов меритократия халыққа қызмет көрсету үшін, сапалы мамандар қызметте отыруы үшін керек екендігiн айтты. Сонымен қатар, саяси жүйе меритократиялық басқару принципіне көптеген шектеулер қоятындығын тілге тиек етті.
Мемлекеттік органда негізгі үш ресурс бар. Ол — өкілеттілік, қаржы және адам ресурсы. Өкілеттілікті реттеуге заңгер керек, қаржыны жұмсауға маман керек болса, адам ресурсына келгенде көп басшылар «өзім білемге» салады. Бұл ұстаным әлі де болса көп басшының көкейінде бар. Сол себепті кейбір басшылар конкурстық комиссияға да араласқысы келіп тұрады. Негізінде, конкурстық комиссияға саяси қызметкерлердің қатысуына заң жүзінде тыйым салынуы керек.
Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару — саясаттағы ең басты бағыттардың бірі. Активтерді қайтару жұмыстары жүргізілгеннен бері мемлекетке 1,5 триллионнан астам қаржы қайтарылған. Байменов — заңсыз алынған активтерді қайтару жөніндегі комиссия мүшелерінің бірі. Ол комиссия мүшесі ретінде комиссия жұмысында қабылданған ұсыныстары туралы айтты.
«Комиссия қарауына алғашқы бес-алты адамның тізімін алып келгенде, мен Ұлытау облысының тумасы ретінде сол жердің байлығына ие болып отырған адамдар жөнінде сұрақ көтердім. Екі отырыстан кейін сол ұсынысым ескерілді. Заңсыз активтерден түскен қаржы есебінен 500 шақырымнан астам жерді ауыз сумен қамтамасыз ететін құбырлар салынды, 120-ға жуық ауылдық жерде емханалар салынды», — деді ол.
Цифрландыру жүйесі бойынша БҰҰ-ның рейтингінде Қазақстан алғашқы 30 елдің қатарында болғанымен, Дүниежүзілік банктің мемлекеттік басқару тиімділігі рейтингінде Қазақстанның көрсеткіші төмен. Бұл тұрғыда «Цифрландыру бюрократияны жойып жатыр ма, әлде мемлекет жай ғана ескі хаосты автоматтандырып, оны электронды форматқа көшірді ме?» деген сауалға Байменов былай жауап берді:
«Бюрократияны азайтудың бірнеше жолы бар. Ең біріншісі — мемлекеттің артық функциялардан арылуы. Функционалдық талдаудың негезінде мемлекет өзі бүгін атқарып жүрген, бірақ бәсекелестік ортаға берілетін немесе жойып жіберетін функциялардан арылуы керек. Екіншіден, осыған ұқсас, ол — мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту. Үшіншіден — мемлекеттік органдарға қарайтын бюджеттік кәсіпорындар санын азайту және жаңа технологияларды енгізу».
Еңбек нарығында табыс теңсіздігі мен жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы диалогтың жоқтығы басты мәселе ретінде қаралып келеді. Кәсіпорындар арасындағы ең жоғары және төменгі жалақы арасындағы алшақтықты реттеу мақсатында ұжымдық келісімшарт жұмыс істеуі тиіс деп есептейді Әлихан Байменов.
Бағдарлама соңында Байменов Астана хабының жұмысына тоқталды. Астана мемлекеттік хабы Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ Даму бағдарламасының бірлескен бастамасымен құрылған. Қазіргі таңда хабқа әлемнің 43 елі мүше.
Хаб Қазақстанның жалақы жүйесін әзірлеуде сараптамалық көмек көрсеткен. Сонымен қатар Президенттік жастар кадр резервін жасақтау тетіктерін пайдалану мен сот жүйесіндегі кадр іріктеу жұмыстарында қолдау көрсеткен.








