Президент көмекшісі: Цифрлық технологияларды министрліктердің жұмысына енгізу — ең басты міндет

0
14

Президент көмекшісі Қуанышбек Есекеев «Уәде» бағдарламасында қонақта болды. Бағдарламаның бұл шығарылымы «Цифрлық Қазақстан» және цифрландыру саласындағы негізгі мәселелер мен даму перспективаларына арналды.

12 мамыр күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойды. «Бүгінгі таңда Президент Қазақстанның жаһандық технологиялық трансформациядағы орнын қалай көреді?» деген сұраққа Қуанышбек Есекеев былай жауап берді:

«Мемлекет басшысы технологиялық бағыттағы білім беру бағдарламаларына айрықша көңіл бөледі. Президенттің бастамасымен қазіргі таңда «Ай-сана» бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Аталған бағдарлама жоғары білім беру жүйесіне AI құралдарын оқыту жүйесін енгізу мақсатында жүзеге асырылды. Бағдарлама екі жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді, қазіргі таңда жоба бойынша 600 мыңнан астам студент жасанды интеллект дағдыларына үйретілді. Сондай-ақ, Alem.ai халықаралық орталығының базасында жаңа Ұлттық зерттеу жасанды интеллект университеті таныстырылды. Университет биылғы жылдың қыркүйегінен бастап жұмыс істейді. Оқу орны AI және Индустрия моделі бойынша бірегей бағдарламамен кадрлар дайындайды. Сонымен қатар, қала және ауыл оқушылары арасындағы цифрлық теңсіздікті жою мақсатында, жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің аясында Ли Кайфудың қатысуымен елдегі қала және ауыл мектептері арасындағы цифрлық алшақтықты жою жөнінде ауқымды реформа жүргізілді. 1 шілдеге дейін мектептерде ЖИ-ді дамытудың 2 жылға арналған кешенді жоспары бекітіліп, 1 тамызға дейін пилоттық жобаға кіретін мектептер жоғары жылдамдықты интернетпен және қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілуі тиіс».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп атады. Осы шара аясында Қуанышбек Есекеев елдегі цифрландыру жұмысының кемшіл тұстарына тоқталды.

«Біз цифрландыру жұмысының  негізінде жеке-жеке ақпараттық жүйе құруға тырыстық. Бұл, бәлкім, үлкен кемшілік болған шығар. Осы орайда бәрін бірыңғай форматқа келтіретін cross-stack технологияларына біріктіру жоспарда бар. Мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларды қоса айтқанда бізде 700-ден астам жүйе бар. Аталған жүйелермен жұмыс істеу өте күрделі. Себебі жүйедегі кез келген өзгеріс қомақты қаржыны талап етеді. Қазіргі таңда бүкіл әлем Cloud Native деп аталатын бірыңғай стандартты технологиялық шешімдерге көшіп жатыр».

Президент министрліктер мен әкімдіктердің жұмыс барысындағы кемшіліктерді цифрлық шешімдердің жоқтығы мен техникалық ақауларға әкеліп тірейтінін қатаң сынаған болатын. Осы тұрғыда Қуанышбек Есекеев айтылған сынды ащы болса да шындық деп пікір білдірді.

Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша әлемде 18-орында тұр. Елдегі медианалық жылдамдық секундына 8 мегабит болып, әлемдік орташа көрсеткіштен едәуір төмен. Бүгінде халықтың жиі айтатын шағымдарының бірі — интернет пен мобильді байланыстың сапасы. Осы тұрғыда, инвестициялар мен цифрлық реформаларға қарамастан, Қазақстан неге интернет жылдамдығынан әлі де артта қалып отыр? деген сұрақ туады. Бұл жөнінде Президент көмекшісі:

«Шын мәнінде, тұтынушының қажеттілігі үнемі өсіп келеді. Қазір орта есеппен бір адамға қосымша тағы 2-3 интернетке қосылған құрылғыдан келеді. Бізде интернет тұтыну үнемі артып келеді. Сол себепті бұл саламен тұрақты айналысуымыз қажет деп мәлімдеді.

Соңғы жылдары әлем бойынша жасанды интеллектке жұмсалған шығын көлемі бір жарым триллион доллардан асты, бұл көрсеткіш 2026 жылға қарай тағы 44%-ға өседі деп күтілуде. Алдағы 2–5 жыл ішінде Қазақстан экономикасына қандай нақты әсер ете алады?»

«Ең бірінші бағыт — IT Sana мемлекеттік бағдарламасы. Бұл, ең алдымен, білім беру бағдарламасы. Біз жасанды интеллектіні дамыту үшін мамандар даярлауымыз керек. Осы мақсатта жаңа IT-университет құрылуда.

Екінші бағыты — жасанды интеллектіні түрлі процестерге енгізу. Соңғы жылдары Президент цифрлық экономика, цифрлық жүйелер және жасанды интеллект туралы жиі айтып келеді. Біз цифрлық экономика елдегі барлық экономикалық процестерді жеңілдетуге көмектесетінін көріп отырмыз-деді Президент көмекшісі.

Соңғы жылдары елімізде жеке ақпараттардың таралуына байланысты оқиғалар көп тіркелуде. Қазіргі таңда медициналық сервистер, онлайн-банкинг, жасанды интеллект — барлығы цифрландырылып жатыр. Осы орайда мемлекет жеке деректердің таралуы мен киберқауіптер үшін жауапкершілікті толық мойнына алуға дайын ба?» — деген сұраққа Президент көмекшісі жеке деректердің қауіпсіздігін қорғау мақсатында Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен қаржы жүйесі жұмыс істейтінін алға тартты. Аталған мемлекеттік институттар тарапынан ақпараттық қауіпсіздік бойынша тесттер өткізіліп, арнайы қорытындылар жасалатынын айтты.

Сонымен қатар, Қуаныш мырза Қазақстанның цифрлық дамуын тежеп тұрған жүйелік мәселелерді атап өтті. Соның ішінде кадрлар мәселесі, инфрақұрылым туралы сөз қозғады. Аталған мәселені шешу үшін қазіргі таңда деректер экономикасы қалыптасып, жасанды интеллект ұғымын заңнамалық түрде енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Бағдарлама соңында Президент көмекшісі Мемлекет басшысы қойған тапсырмалардың орындалуы бірінші кезекте екенін алға тартып, цифрлық технологияларды министрліктердің жұмысына енгізу ең басты міндет деп атады.


ПІКІР ЖАЗУ