Өнеркәсіп және құрылыс министрі: «Тұрғын үй құрылысына неге сенім жоқ?» деген сұраққа жауап берді

0
21

 

«УӘДЕ» телебағдарламасының кезекті қонағы — Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев. Ол тұрғын үй және инфракұрылымды дамыту мәселелері бойынша сұқбат берді.

2025 жылдың 2 сәуірінде Президент Өнеркәсіп және құрылыс министрінің баяндамасын қабылдады. Кездесу барысында Президент аталған министрлікке орта және жоғары деңгейде өңделген өнім көлемін арттыру, отандық тауар өндірушілер реестрін құру, инвестициялар тарту мен тұрғын үй құрылысын қамтамасыз ету, құрылыс және ТҮКШ саласын цифрландыру, халықты сумен қамтамасыз ету секілді біршама міндеттер тапсырды.

Арада бір жыл уақыт өтті. «Тапсырылған міндеттер қаншалықты орындалды, қаншауы әлі орындалуы қажет?» деген сұраққа министр Нағаспаев былай деп жауап берді:

 Министрлік Президент тапсырмасының орындалуына барынша күш салды. Атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, біздің стратегиялық бағытымыз шикізаттық бағыттан өңдеу өнеркәсібіне ауысу болды. Бұл мәселе бойынша министрлік былтырғы жылмен салыстырғанда жақсы нәтиже көрсетті. Еліміздің ЖІӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,7%-ға жетті. Бұл дегеніміз, өңдеу секторы тау-кен өндіру секторын басып озды. Тау-кен өндіру секторы 11,9%-ды құраса, өңдеу өнеркәсібі 12,7%-ға жетті. Аталған көрсеткіштер Қазақстанның тек қана тау-кен өндіруші ел емес екенін анық көрсетеді.

Инвесторларды тарту бойынша жұмыстар да қарқынды. Арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) тиімділігін арттыру мақсатында жаңа модель әзірленіп жатыр. Өткен жылы АЭА-ның жалпы саны 14 болса, қазіргі таңда олардың саны 17-ге жетіп отыр. Өткен жылы 190 жоба жүзеге асырылып, оған бір жарым триллион теңге жұмсалды. Жоба аясында 22 мың жұмыс орны ашылды. Ал халықты сумен қамтамасыз ету бойынша министр қазіргі таңда көрсеткіштің 100%-ға жеткенін мәлімдеді.

2026 жылдың 9 қаңтарында елде жаңа Құрылыс кодексі қабылданды. Жаңа құжатта ретсіз салынған құрылыс нысандарына мемлекет тарапынан қатаң шаралар қарастырылған. Ендігі уақытта құрылыс сапасын уәкілетті органдар тікелей тексереді. Тексеріс нәтижесінде заң бұзушылық анықталса, құрылыс тоқтатылып, компанияны лицензиясынан айыруға дейінгі шаралар қолданылады. Бұдан былай тұрғын үйді пайдалануға қабылдау актісіне Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы мен Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері де қол қоятын болады.

Тағы бір маңызды жаңалық — тұрғын үй сапасына берілетін кепілдік. Ендігі уақытта құрылыс компаниялары пайдалануға берілген үйдің сапасына 10 жыл кепілдік береді. Сонымен қатар, жаңа талап бойынша тұрғын үй құрылысы әлеуметтік нысандармен (мектеп, балабақша) бірге жоспарлануы тиіс.

Министрдің мәлімдеуінше, соңғы 5 жылда құрылыс тауарларының импорты 40%-дан 28%-ға төмендеген. Бұл — тұрғын үй бағасының тұрақтануына оң әсер ететін фактор. Бүгінде әлеуметтік тұрғын үй бағасы коммерциялық нарықтан 20%-ға арзан және ол мемлекеттің қатаң бақылауында қала береді.

Тастанбек Аяулым Шалхарқызы


ПІКІР ЖАЗУ