Қазақстан мал шаруашылығы өнімдерін Грузия арқылы экспорттайды

0
6

Сәуір айының 20-24 аралығында Грузияда сүт және ет өндірісіне арналған Dala.Camp Georgia халықаралық форумы өтті. Аталған форумда Қазақстанға грузиндік инвестицияларды тарту жоспары жарияланды.

Аталған іс-шараға Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан елдерінен келген 100-ден астам қатысушы бас қосты. Форумда қазақстандық Turan мал өсірушілер қауымдастығы мен нидерландық Trouw Nutrition және грузиялық Nutrimax компаниялары өзара меморандумға қол қойды. Құжатта тараптардың мал шаруашылығын дамыту мен басқарудың заманауи тәсілдері қарастырылған. Келісім қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін — ет, сүт, жүн, тері және басқа да өнім түрлерін экспорттауға бағытталған.

Dala.Camp Georgia халықаралық форумы аясында Turan қазақстандық мал өсірушілер қауымдастығының басқарма төрағасы Жәнібек Кенжебаев пен Грузияның Қоршаған ортаны қорғау және ауыл шаруашылығы вице-министрі Лаша Авалианидың қатысуымен іскерлік кездесу өтті. Кездесуде тараптар қазақстандық мал шаруашылығы өнімінің Грузия нарығына және Грузия арқылы халықаралық нарықтарға экспортын дамытудың өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады. Алдағы уақытта Грузияның салалық министрлігімен тағы бір жеке меморандумға қол қою жоспарланып отыр.

Бұл туралы Dala.Camp қауымдастығының негізін қалаушы Жәнібек Кенжебаев:

«Бүгінде Қазақстан мал шаруашылығын дамытудың ашық, технологиялық және экспортқа бағдарланған жаңа моделін қалыптастырып жатыр. Форум алаңында қол жеткізілген уағдаластықтар — бұл жай ғана формальдылық емес, біздің нарықтарымызды интеграциялаудың практикалық қадамы. Біз білім алмасудан — бірлескен жобаларға, диалогтан — нақты жеткізілімдер мен серіктестіктерге бағытталған жүйелі қозғалыс туралы айтып отырмыз», — деп атап өтті.

Форумға қатысушылар Кахетия аймағында орналасқан Nutrimax кәсіпорнының жем өңдеу технологиясымен, сапаны бақылау жүйесімен танысып, рациондарды қалыптастыру, азықтарды басқару және шаруа қожалықтарының өнімділігін арттыру мәселелерін талдады. Сонымен қатар NutriOpt бағдарламасының тәжірибеде қолданылуы мен оның артықшылықтарына баса назар аударылды.

Форум барысында Қазақстан мал шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерін экономикалық және кәсіби масштабтау моделіне айналдыру тәсілдері бойынша өз тәжірибесімен бөлісті.

Қазақстан бүгінде тәжірибені қабылдап қана қоймай, халықаралық деңгейде қызықты әрі қолданылатын шешімдерді ұсына отырып, сараптама көзіне айналуда», — деді Жәнібек Кенжебаев.

Dala.Camp — шаруашылықты дамытудың жаңа моделі негізінде жұмыс істейтін платформа. Қазіргі таңда аталған платформа бизнес, технология және білім саласын біріктіретін үлкен халықаралық қауымдастыққа айналып отыр.

1 мамыр күні Астанада Dala.Camp ұлттық мал шаруашылығы экспедициясы басталады. Аталған жоба Қазақстанның 10 өңірін қамтып, оған 40-тан астам адам қатысады. Жоба далалық білім беру негізіндегі реалити-шоу форматында өтеді. Қатысушылар 600 шақырымнан астам жол жүріп, жетекші шаруашылықтарға барып, тәжірибеден өтеді.

Экспедиция мал шаруашылығын дамыту мен Қазақстан экономикасы өсуінің негізгі бағыты ретінде қарастырылып, салаға жаңа көзқарас қалыптастыруға бағытталады.


ПІКІР ЖАЗУ