«АЗАМАТ» ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЕКІНШІ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ

«Хабар» телеарнасында «Qazaq Debate» қозғалысымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Азамат» интеллектуалды телебағдарламасының екінші маусымының алғашқы эфирі көрерменге жол тартты.
Бағдарламаның алғашқы ойыны «Инклюзивті білім беруді дамытудың тиімді тетіктері» тақырыбына арналды. Пікірсайыс алаңында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенттері Сұлтанбек Қабдіманап пен Ақтолқын Мырзабай, сондай-ақ А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенттері Нұрдәулет Тұрарбеков пен Индира Артықбай өзара бақ сынасты.

Қатысушылар қоғам үшін маңызды тақырып төңірегінде өз көзқарастарын ұсынып, аргументтерін негіздеп, пікірсайыс мәдениеті аясында мазмұнды диалог құрды.
Ойын нәтижесін кәсіби төрешілер алқасы бағалады. Атап айтқанда, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Әбдиев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Арнайы және инклюзивті білім беру департаментінің бас сарапшысы Жұлдыз Мұқашева, халықаралық құқық магистрі Айгерім Құсайынқызы және журналист, тележүргізуші Нұрболат Жаңаберген төрелік етті.

Бұған дейін жоба аясында қатысушылар алдын ала іріктеу кезеңінен өтті. Нәтижесінде еліміздің 100-ден астам жоғары оқу орны арасынан 32 университет іріктеліп, 700-ге жуық студенттің ішінен 64 үздік пікірсайысшы таңдалып алынды. Олардың қатарында Нархоз Университеті, Maqsut Narikbayev University, Назарбаев Университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, SDU University, Қарағанды медицина университеті және өзге де жетекші жоғары оқу орындары бар.
Сондай-ақ қатысушылар бір ай бойы кешенді дайындықтан өтті. Пікірсайыс саласының 8 маманы 64 студентке онлайн форматта сабақ өткізіп, жалпы көлемі 368 сағатты құрайтын білім беру бағдарламасы жүзеге асырылды. Аталған дайындық кезеңі қатысушылардың кәсіби деңгейін арттыруға бағытталды.
Айта кету керек, «Азамат» жобасы – студент жастар арасында пікірсайыс мәдениетін дамытуға арналған зияткерлік телебағдарлама. Жоба қоғамдық маңызы бар тақырыптар аясында ашық пікір алмасу алаңын қалыптастырып, қатысушылардың кәсіби және тұлғалық дамуына ықпал етеді.
Аталған жобаны жүзеге асыруға ҚР Парламенті Мәжілісі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және Мәдениет және ақпарат министрлігі, Qazaq Debate қозғалысы қолдау білдіруде.








