Қазақстан экономикасы ТОП-40 елдің қатарына енді: Өңірлердегі жағдай қалай?

0
4

19 наурыздағы Visual Capitalist-тің Халықаралық валюта қорының дерегі бойынша, Қазақстан экономикасы ТОП-50 елдің тізімінен үздік 40 елдің қатарына енді, — деп хабарлайды «Қазақстан» ақпарат агенттігі.

Экономикалық реформа ел экономикасына қалай әсер етті? Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сәбильянов «Уәде» телебағдарламасында сұқбат берді. Комитет басшысы өңірлердің жағдайы мен ұзақ жылдарға созылған жол құрылысы мәселесі, ел экономикасы және теңге тұрақтылығы жөніндегі сұрақтарға жауап берді.

Өңірлердегі жол құрылысы бойынша Сәбильянов былай дейді:
«2023 жылдан бастап өңірлердегі жол инфрақұрылымын жақсарту мәселесі қолға алынды. Тиісті шаралар мен қаражат бөлініп, жұмыс барысын жіті бақыладық. Нәтижесінде Қалбатау, Аягөз, Үшарал жолдары толық аяқталды. Сонымен қатар 415 шақырымдық Қалбатау – Майқапшағай жолы мен 60 шақырымдық Семей – Қайнар жолы қайта жөндеуден өткізілді. Қазіргі таңда Қарқаралы, Баршатас, Аягөз, Боғаш жолдарының 80 шақырымы ғана жөндеуден өтті. Жұмыстың баяу жүруіне қаражаттың толық бөлінбеуі мен мердігерлердің салғырттығы себеп. Сапаны жақсарту мақсатында Құрылыс кодексі қайта қаралып, талап күшейтілді».

«Инфрақұрылымның тозуы — экономиканың тежегіші», — деп Президент айтқандай, елдің кейбір өңірлерде нысандардың 90%-ының тозығы жеткен. Бұдан бөлек, саладағы қарыздар жыл сайын өсуде.

Аталған мәселені шешу үшін инфрақұрылымды жаңартуға қаражат бөлінеді. Қазіргі уақытта Семей қаласындағы жылу қазандықтарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, бөлінген қаражатты реттеу барысында заң жобасы әзірленіп, сатып алудың жаңа жүйесі енгізіліп жатыр. Алдағы уақытта мердігерлерге қойылатын талаптар мен тәжірибелер қайта қаралып, жауатты орындаушылар рейтинг бойынша анықталатын болады, — дейді төраға.

Ресми деректерге сәйкес, көлеңкелі экономиканың үлесі ЖІӨ-нің 30%-ына жуықтайды. Салық кодексінде ірі капиталдардың көлеңкеге кетуін тоқтату үшін аударымдарды цифрлық бақылау жүйесі жұмыс істейді. Жаңа заң жобасы бойынша экспорт тауарларын кедендік бақылау жүйесі жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, шетелдік инвесторлар мен елдегі даму бағдарламаларына арналған салықтық жеңілдіктерді цифрландыру жұмысы жүргізілуде.

Енді салықтық жеңілдіктер алғысы келетін кәсіпкерлер компаниядағы жұмыс орны мен пайдасын және салық мөлшерін көрсетеді. Аталған норманы орындаған кәсіп иелері ғана жеңілдіктерді ала алады. «Бұл артық шығындарды азайтады», — дейді депутат.

«Теңгенің тұрақтылығын Конституция арқылы бекіту — ұлттық валютаның мәртебесін көтеру мақсатында жүзеге асырылды. Валюта — экономикадағы басты құрал. Мемлекеттің өзіндік валютасының болуы — ең дұрыс шешімдердің бірі», — дейді Сәбильянов.

Сонымен қатар Ұлттық қор бюджетін тиімсіз пайдалануға тосқауыл қою жөнінде заң жобалары да жүзеге асырылып келеді. Осы ретте бюджеттен бөлінетін қаражатты бақылау күшейіп, ол тек стратегиялық нысандарға жұмсалатын болады. Аталған құрылыс жоспарын жүзеге асыру Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болмақ. Бұл жобалардың ел экономикасы үшін тиімді болатынын жеткізді депутат.

Қорытындылай келе, ел экономикасын дамыту мақсатында кешенді жоспарлар мен заң жүйесі жұмыс жасап жатыр. Нұртай Сәбильянов комитет төрағасы ретінде елдегі шешілмеген мәселелермен жұмыс істейтінін мәлімдеді.

Тастанбек Аяулым Шалхарқызы



ПІКІР ЖАЗУ