Мал шаруашылығы көлеңкеде қалды ма? Ауыл партиясының төрағасы Егізбаев не дейді?

фото: Jibek Joly
Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы жаңа заңнамалық бастамалар 15 наурызда қабылданған Конституциялық заң аясында ұсынылды. Аталған заң жобасында мал шаруашылығын дамыту, жер телімін тиімді пайдалану және жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау секілді біршама маңызды стратегиялық мәселелерді шешу қарастырылған.
«Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасында «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев ауыл шаруашылығындағы өзекті түйткілдер мен алдағы уақытта атқарылатын ауқымды жұмыстар жөнінде сөз қозғады.
Ресми деректерге сүйенсек, 2022-2024 жылдар аралығында мемлекет меншігіне 20 миллион гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер қайтарылды. Бұл жерлердің басым бөлігі ірі жекеменшік холдингтердің иелігінде болып келген. Алайда, бүгінгі күннің басты мәселесі — ауыл маңындағы 5 шақырымдық радиустағы жайылымдық жерлердің жекеменшікке өтіп кетуі. Осы өзекті мәселеге қатысты депутат былай деді:
— «Қазақстанда жалпы 180 миллион гектар жайылым бар болса, соның 20 миллион гектары — тікелей ауыл маңындағы елді мекендерге тиесілі жерлер. Өкінішке қарай, бұл жайылымдардың 50%-ы бүгінде деградацияға ұшырап, тозып кеткен. Бұдан бөлек, жайылымдарды ретсіз пайдалану мен жерлердің иесіз қалуы мәселені одан бетер ушықтырып жіберді. 1990-2000 жылдар аралығында иесіз жерлерді пайдалану құқығы қарапайым халыққа берілгенімен, сол уақыттағы пысық кәсіпкерлер мен қожалықтар жайылымдық жерлерді заңдастырып алды. Соның салдарынан қазір ауыл іргесіндегі жерлер жекеменшікке өтіп кетіп, бұл халық арасында үлкен әлеуметтік наразылық тудырып отыр».
Егізбаевтың айтуынша, заңсыз иемденілген жерлер мемлекетке қайтарылып жатыр. Бірақ заңды түрде рәсімделген жерлерді мемлекет тек қайта сатып алу арқылы ғана қайтара алады. Бұл өз кезегінде ел қазынасына үлкен қаржылық салмақ салары анық.
Саланы дамытудың келесі кезеңі ретінде Серік Егізбаев мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған арнайы кешенді жоспарына тоқталды. Бұл құжат Ауыл шаруашылығы министрлігі мен аграрлық комитет мамандарының бірлескен еңбегінің нәтижесі.
— «Осы уақытқа дейін мал шаруашылығы тиісті назардан тыс қалып, көлеңкеде жүрді. Оған басты себеп — кезіндегі тың игеру саясаты салдарынан көптеген жайылымдық жерлерден айырылуымызда жатыр. Қазіргі таңда еліміздің Оңтүстік өңірлерінде жер тозған болса, Солтүстікте жердің басым бөлігі егістікке айналған. Ондай аймақтарда мал жаятын орын тапшы. Сонымен қатар, урбанизация үрдісі де саланың дамуына кері әсерін тигізуде», — деп мәлімдеді партия төрағасы.
Жаңа жоспар аясында елдегі мал басын 8 миллионнан 12 миллионға дейін жеткізу мақсаты қойылған. Осы орайда, субсидиялаудың басым бөлігі ветеринариялық лабораторияларды жаңарту мен маман тапшылығын жоюға бағытталмақ.
Мәселенің тағы бір қыры — білікті маман тапшылығы. Депутат мамандықпен оқыған жастардың ауылдық жерлерге барғысы келмейтінін ашық сынға алды. Оның пайымынша, маман тапшылығын жою үшін мемлекеттік грантпен білім алған түлектерді міндетті түрде ауылда жұмыс істеуге міндеттеу керек. Тек сонда ғана ветеринария мен мал шаруашылығы саласындағы бос орындар толығып, жұмыс жүйеленбек.
Қорытындылай келе, қабылданған жаңа заң жобасы мен кешенді жоспар аясында мал шаруашылығын тиімді дамытудың жаңа алгоритмдері іске қосылуда.
Тастанбек Аяулым Шалхарқызы








