Жеңіс пен жігердің символы: Ербол Хамитов Барыс орденімен марапатталды

фото: Ақорда
2026 жылы Италияда өткен қысқы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Ербол Хамитовты бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Еске салсақ, XIV Паралимпиада ойындары наурыз айының 6-16 күндері аралығында өтті. Дүбірлі додада спортшылар парасноуборд, парахоккей, парашаңғы және парабиатлон секілді бірнеше спорт түрінен бақ сынады. Қазақстан намысын 7 спортшы қорғады.
Ербол Хамитов парабиатлоннан әлем чемпионы атанса, парашаңғы жарысында қола медальді иемденген болатын.
Спортшыға жоғары мемлекеттік марапат — ІІІ дәрежелі «Барыс» орденінен бөлек, Астана қаласынан екі бөлмелі пәтер сыйға берілді.
Бұдан бөлек, жеңіске үлес қосқан бапкерлер де назардан тыс қалмады:
Василий Коломиец пен Антон Жданович — «Парасат» орденімен;
Аслан Тоқбаев — «Құрмет» орденімен марапатталды.

фото: Ақорда
Қорытындылай келе, Паралимпиада ойындары — үміт пен күрестің, күш пен жігердің тартысы. Бұл жеңіске жету үшін тек қайсарлық қана емес, өмір сүруге деген құлшыныс пен зор махаббат керек. Осы қасиеттер Ербол Хамитовтың есімін спорт тарихында алтын әріппен қалдырды.
Спортшы мұнымен тоқтамай, алдағы уақытта жазғы Паралимпиада ойындарына жолдама алып, ел намысын жаңа белестерде қорғауды жоспарлап отыр.
Тастанбек Аяулым Шалхарқызы








