Роботпен асық ату және мұздағы қыз қуу: Ұлттық спорт күніндегі ерекше сәттер

0
10

Наурызнама күнтізбесі бойынша бүгін, 21 наурыз — Ұлттық спорт күні. Бұл күні қазақтың ұлттық ойындары дәріптеледі. Ең танымал ұлттық ойын түрлеріне асық ату, жамбы ату, көкпар, арқан тартыс, қыз қуу, бәйге және тоғызқұмалақ жатады.
Аталған мерекеге орай еліміздің түрлі өңірлерінде спорттық ойындардан жарыстар өткізілді. Мәселен, елордада бүгін «Ұлы дала ойындары» атты отбасылық эстафета өтті. Аталған эстафетаның ерекшелігі — ойындар жасанды интеллект көмегі арқылы ұйымдастырылды. Одан бөлек, БЖМСМ №2 шорт-трек бөлімінің спортшылары мұз айдынында «Қыз қуу» ойынын сахналады.

 

Фото:БЖМСМ №2 әлеуметтік желідегі парақшасынан.

Сондай-ақ астаналық колледж студенттері арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткенін Астана қаласының әкімдігі хабарлайды.

Ал Алматы қаласында Ұлттық спорт күніне орай тоғызқұмалақтан қалалық турнир өтті. Сонымен қатар Орталық мәдениет және демалыс саябағында мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында асық ату, тымақ ұру, ләңгі тебу және гір тасын көтеру жарыстары ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еліміздің батыс өңірінде Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Бабалар ізімен» ұлттық спорт лигасы өтсе, Қазақстанның шығысында Төтенше жағдайлар департаменті мен Өскемен қаласы төтенше жағдайлар қызметкерлерінің қатысуымен «Banyr team» спорт кешенінде күш сынасатын ойындар ұйымдастырылды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар қызметі хабарлады.
Еліміздің оңтүстік аймағына келер болсақ, Жетісу облысында балалар роботтың көмегімен асық ойнады, деп хабарлайды облыс әкімдігі.

 

Фото: Қанат Өмірәлинов

Бұдан бөлек, Шымкент қаласындағы ипподромда аударыспақ пен қыз қуу жарыстары өткізілді.  Бүгінгі ұлттық спорт — дәстүр мен инновацияның жемісі. Біздің міндетіміз — ата-баба мұрасын заман талабына сай бейімдеп, ұлттық бренд ретінде қайта жаңғырту.

 

Тастанбек Аяулым Шалхарқызы


ПІКІР ЖАЗУ