Наурызнама: Ұлттық құндылықтар жаңғырған он күн

0
7

Жыл сайын елімізде Наурыз мерекесіне орай «Наурызнама» онкүндігі аталып өтеді. Бұл кезең наурыз айының 14-і мен 23-і аралығын қамтиды. Аталған күндер ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді жаңғыртуға бағытталған.

14 наурыз – Көрісу (Амал) мерекесі. Бұл күні халық ежелгі дәстүр бойынша бір-бірімен қауышып, амандық-саулық сұрасады.

15 наурыз – Қайырымдылық күні. Ел аумағында түрлі қайырымдылық акциялары мен мұқтаж жандарға көмектесу шаралары жүзеге асырылады. Еріктілер қарттар үйі мен балалар үйіне, әлеуметтік осал топтарға жәрдем береді. Мысалы, биыл Астана қаласында «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы мен қайырымдылық концерттері өтті. Есіл ауданындағы «Керуен» сауда орталығында «Армандар әлемі» атты тілек ағашы орнатылып, кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығындағы тәрбиеленушілердің арманы жазылған QR-кодтар ілінді. Жобаның мақсаты – балалардың кішігірім армандарын орындауға септігін тигізу.

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн қазақ халқының терең мәдениеті мен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүрлерін ұлықтауға арналған. Қазақ дәстүрі бала дүниеге келген сәттен бастап (ат қою, бесікке салу) есейгенге дейін (тұсаукесер, сүндет той) тәрбиелік мәнге ие. Елордада осы күні «Мәдениет күні – шынайы дәстүр кеңістігі» атты іс-шара өтіп, Ұлттық кітапханада арнайы көрме ашылды.

17 наурыз – Шаңырақ күні. Отбасы татулығы мен достығын нығайтатын күн. Қазақ қоғамында шаңырақ – ерекше қасиетті ұғым. Ақсақалдарның жас отауға «Шаңырақтарың берік болсын!» деп бата беруі отбасы институтының маңыздылығын білдіреді. Астана қаласында осы күні мерейтой иелері құттықталып, көп балалы аналарға «Күміс алқа» және «Алтын алқа» марапаттары табысталды.

18 наурыз – Ұлттық киім күні. Ұлттық киім – ұлт болмысының негізі. Дала табиғатына сай тігілген киімдеріміз бен ондағы ою-өрнектер қазақ халқының ерекше талғамын көрсетеді. Осы күні еліміздің бас шаһарында ұлттық киімдер шеруі ұйымдастырылды.

Аталған Ұлттық киім шеруінде «Ұмай ана», «Әділ-ай» сән клубы, «Қазақ орталықтары» секілді бірнеше сән орталықтары ұлттық киім коллекцияларын көрсетті — деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз орталығы. Бұдан бөлек, «Damu Mall» ССО-да Ұлттық киім көрмесі өтті.

19 наурыз — Жаңару күні. Бұл күні табиғатты аялау мақсатында көктемгі дала жұмыстары жасалады. Бұл күн, аты айтып тұрғандай, қыстан кейінгі даланың қайта түлеуі, табиғаттың оянуы. Адамдар да қалың күртелерін тастап, жаңа мезгілге қадам басады, жаңа жылға мақсаттар құрып, рухани жаңарады. Биылғы жылдан бастап бұл үрдіс табиғаттан бөлек, мемлекеттің цифрлық трансформациясының дамуына да арналады — деп хабарлайды «Хабар» телеарнасы. Яғни бұл күн қоғамдық өзгерістерге бейімделу, жаңаша ойлау мен дамуға бет бұруды мақсат етеді.

20 наурыз — Ұлттық спорт күні. Бұл күн қазақ даласындағы сан жылдардан бері келе жатқан ұлттық спорт түрлерін дәріптеу мақсатында тойланады. Қазақ халқының спорт түрлері төзімділікке, дәлдікке және ептілікке баулиды. 17 наурызда Ұлттық спорт күніне орай Астанада он сегіз мыңнан астам бала асық ойнады. Бұдан бөлек, 3 мың бала «Алтын сақа» флешмобына қатысты. Олар арнайы композицияға тұрып, асықтың «алшы» келбеті мен «Алтын сақа» жазуын бейнеледі — деп хабарлайды «Айқын» ақпарат агенттігі.

21 наурыз — Ынтымақ күні. Аталған мереке — Қазақстанның қазіргі уақытқа дейінгі жүріп өткен жолы мен ұлттық жетістіктерді еске алу күні. Бұл күн ел бірлігі мен тәуелсіздігіне арналады. Қазақ халқы ежелден татулық пен ынтымақ — ел бірлігінің мызғымас тірегі екенін білген. Сол үшін халық арасында «Бірлік болмай — тірлік болмас», «Өнер алды — бірлік», «Ырыс алды — тірлік» деп айтылып кеткен.

22 наурыз — Наурыз мейрамы, қазақтың жаңа жылы. Наурыз мейрамы — күн мен түн теңеліп, Самарқанның көк тасы еріген күн. Бұл күн — ұлттық мереке. Наурыз мерекесі — аталған он күндіктің бастауына себепші болған мереке. Бұл күні мерекелік тағам — Наурыз көже дайындалады. Бұл көженің дайындалуының да өз ережесі мен мақсаты бар. Аталған көже жеті дәннен дайындалады, ал қазақ ұғымында жеті саны киелі деп саналады. Наурыз мерекесі — көне түркі халықтарына ортақ мереке. Наурыз мейрамы Қазақстаннан бөлек Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді Орта Азия елдерінде, Түркия, Әзербайжан, Иран, Ауғанстан секілді елдерде де тойланады. Наурыз мерекесі 2010 жылдан бастап Грузияда ұлттық мереке ретінде тойланып келеді.

23 наурыз — Тазару күні. Бұл күн елімізде экологиялық науқан ретінде аталып өтіледі. Бұл күні елдің барлық аумақтарында экологиялық жұмыстар жүргізіледі. Экологиялық акциялар мен тазалық эстафеталары өтеді.

Тастанбек Аяулым Шалхарқызы


ПІКІР ЖАЗУ