Махаббат күйінен сыр шертетін «Мәңгіліктің төрт сыры»

25 наурызда «Астана Опера» театрында Сұлтанбек Ғұмардың хореографиясымен қойылған «Мәңгіліктің төрт сыры» балетінің премьерасы өтеді. Аталмыш қойылым махаббат хикаясынан сыр шертеді.
«Астана Опера» театрының солисі, балет әртісі Сұлтанбек Ғұмардың айтуынша, бұл қойылымның мәні — ер мен әйел арасындағы махаббаттың төрт кезеңін сипаттай келе, мәңгілік махаббатқа тек осы төрт белестен өткендер ғана жететінін көрерменге жеткізу.
«Махаббат — жай ғана сезім емес, махаббат — ол күнделікті еңбек. Соны түсінген жандар ғана мәңгілік махаббатқа қол жеткізеді. Махаббат жолындағы жұмысты екі жақты атқара білген жандар мәңгілік ғашық болып, бақытты бола алады деген оймен бұл қойылымды шығардық», — дейді режиссер Сұлтанбек Ғұмар.
Премьера төрт кезеңнен тұрады:
Алғашқы кезең — алғашқы таныстық пен ғашықтық сезімі.
Екінші кезең — махаббатқа мастық күйі.
Үшінші кезең — күнделікті күйбең тіршілік, сезімнің басылуы және екі ғашық арасындағы қарама-қайшылықтар мен түсінбеушілік.
Төртінші кезең — түсіністік, бір-бірін қабылдау, яғни «Мәңгілік махаббат».
Қойылымның басты мақсаты — махаббаттың қаншалықты терең екенін және қажырлы еңбекті талап ететінін көрсете отырып, әр көрерменнің өз ішіндегі сұрақтарға жауап табуына септігін тигізу.
«Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Бекетаева қойылым туралы былай дейді:
«Сұлтанбек Ғұмардың әр шығармасы белгілі бір философиялық ойға ие, әр қойылымның өзіндік стилі бар. «Мәңгіліктің төрт сыры» премьерасы да екі жанның ішкі дүниесіне бағытталған. Өз образыма келер болсам, менің рөлім — абстрактілі. Бұл образ өз болмысыма жақын. Дайындық барысында біршама қиындықтар туды, себебі Сұлтанбектің өзіндік қолтаңбасы бар. Ол біздің қимыл-қозғалысымызды шектеген жоқ, керісінше, жаңа элементтер қосуға қарсы болмады. Бірақ өз хореографиясына мұқият қарап, әрбір детальға, әсіресе дуеттегі қимылдарымызға ерекше мән берді».
Премьерада төрт жұп өнер көрсетеді. Алғашқы жұп — ер мен әйелдің кездесуін, екіншісі — ғашықтық кезеңін, үшіншісі — бөлінуді, ал төртінші сатыда Айгерім Бекетаева мен оның серіктесі — бір-бірін қабылдау сәтін сомдайды.
Костюмдер бойынша суретші Дариға Тайшықованың айтуынша, әр киім кейіпкердің мінезі мен спектакльдің идеясына сай жасалған.
«Біз бұл жолы түрлі палитралардан бөлек, «күйдірілген сазды» негіз ретінде алдық. Түстер палитрасында қоңыр және терракота реңктерін, сондай-ақ табиғи жылы түстерді пайдаландық. Біз үшін матаның текстурасы бидің әр қимылын айқындап тұруы маңызды болды. Барлығы 8 киім үлгісі дайындалды. Алғашқы кезеңдердегі образдар ашық түсті болса, соңғы кезеңдерде терракота реңкіне ауысады. Сондай-ақ, бірінші тараудағы «Тойбастар» бөліміне арнайы қазақ оюларымен нақышталған костюмдер әзірленді», — дейді ол.
Қабылдау» дуетінің орындаушысы, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Диас Құрманғазы өз әсерімен бөлісті:
«Мен ерлі-зайыптылардың төртінші кезеңін сомдаймын. Дайындық өте қызықты өтуде. Техникалық тұрғыдан қиындық жоқ, ең күрделісі — көрерменге эмоцияны жеткізе білу. Бұл образ маған біршама таңсық, өйткені отбасылық тәжірибем әлі жоқ. Бірақ ізденіс пен репетициялардың арқасында рөлді жоғары деңгейде алып шығуға тырысамын».
Құрметті өнерсүйер қауым! 25 наурыз күні «Астана Опера» театрында өтетін «Мәңгіліктің төрт сыры» премьерасына шақырамыз! Махаббаттың тылсым сырларына бірге куә болайық!
Тастанбек Аяулым Шалхарқызы








