18 наурыз — Ұлттық киім күні

Ұлттық киім — ұлттың тарихы мен дәстүрін, қолөнері мен шеберлігін әлемге паш ететін киім үлгісі. Ұлттық киім әр халықтың өзіне тән мінезі мен көзқарасынан хабар береді.
Қазақ халқының ұлттық киімі өзіндік стилімен, әр алуандығымен және көркемдігімен көзге түседі. Одан бөлек, ерте заманда киім кию үлгісі адамның отбасылық жағдайы мен оның қоғамдағы орнынан хабар беретін болған. Қазақ халқының ұлттық киімдері ер мен әйел киім үлгісінің көптүрлілігімен ерекшеленеді.
Қазіргі таңда ұлттық нақыштағы киімдер заман талабына сай өзгеріс тауып, қайта қолданысқа еніп жатыр. Қазақы ою-өрнектермен зерделенген шапандар мен қазақи әшекейлермен көмкерілген тақиялар сататын брендтер желісі елімізде күннен-күнге дамып келеді.
Елімізде 18 наурыз — Ұлттық киім күні жыл сайын аталып өтеді. Бұл күннің мақсаты — қазақи болмысымызды жаңғырту, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу. Аталған мерекелік күнге орай фестивальдер мен қазақи стильдегі сән көрсетілімдері өткізіледі.








