Әлемдік геосаяси жағдай Қазақстанға қалай әсер етеді?

0
131

Қазіргі таңда әлемнің біршама елдерінде геосаяси қақтығыстар болып жатыр. Иран АҚШ пен Израильге қарсы қарулы қақтығыстар жасаса, Ресей-Украина қақтығысына биыл төрт жыл болды, ал Израиль мен Палестинада 2023 жылдан бері қақтығыс жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, Пәкістан мен Ауғанстан да қақтығыс ошағына айналды. Ал Жапония Қытайға қарсы қарулы күштерін дамытып жатыр. Екі ел арасында Тайваньға қатысты талас ұзақ жылдардан бері тоқтамай келеді.

Қазіргі әлемдік ахуал ушығу үстінде, әлемнің Батысы мен Шығысындағы қақтығыс ошақтарының көбеюі әлемдік дағдарысқа әкелді. Еске салсақ, Иран АҚШ-тың БАӘ-дегі әскери нысандарына да шабуыл жасаған болатын. Қазіргі таңда БАӘ-нің бірнеше қаласы, соның ішінде Абу-Даби, Дубай секілді туристік аймақтар зардап шегуде. Иранның бұл әрекетіне АҚШ пен Израиль де жауап қайтарды. Екі ел Иранның 153 аймағында орналасқан 540 нысанға шабуыл жасап, салдарынан мыңнан астам адам қаза тапты. Қазіргі кезде әлемдік жағдай әлемдік экономиканың құлдырауына жол ашып отыр. Сарапшылар шикізат бағасының шарықтауы экономикаға үлкен соққы екенін алға тартып отыр. Мұнаймен бірге алтынның да бағасы өсті, бұдан бөлек Иранның Ормуз бұғазын жабуы сұйытылған газ бағасының өсуіне әкелуі мүмкін деген болжамдар бар.

Геосаяси жағдай қақтығыс ошақтарынан бөлек, басқа мемлекеттердің саясатына да әсер ететіні даусыз. Соғыс өрті шарпыған елдер халықаралық қауымдастықтан көмек пен қолдау күтеді. Мәселен, АҚШ Иранмен қақтығыс кезінде Испанияның әскери базаларын пайдалануға рұқсат сұраған, бірақ Испания билігі Трамптың өтінішін мақұлдамады. Оған жауап ретінде Дональд Трамп елдің Қаржы министрі Скотт Бессентке Испаниямен арадағы сауданы тоқтатуды тапсырды. Ал Солтүстік Корея АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы қақтығысын қатаң түрде айыптайды. Ел басшысы Ким Чен Ын егер Тегеран көмек сұраса, көмек ретінде зымыран беруге дайын екенін жеткізді.

Ал Қазақстанның әлемдік оқиғаларға көзқарасы қандай?

Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанатын ел. Мемлекет әлемнің барлық мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға тырысады. Соңғы саяси оқиғаларға шолу жасайтын болсақ, Таяу Шығыстағы қақтығыстарға байланысты Қазақстан бейтарап көзқарасты ұстанады. Сонымен қатар, мемлекет Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Дубайдан қазақстандықтарды эвакуациялады.

Қорытындылай келе, қазіргі әлемдік ахуал шиеленіс үстінде, елдер арасындағы қақтығыстар өз кезегінде әлемдік экономика мен халықаралық қатынастарға да жанама әсер етеді. Әлемдік жағдай әрі қарай қалай көрініс табарын әзірге бағамдау қиын, десе де Қазақстанның көпвекторлы саясаты елдегі тұрақтылықты сақтаудың тиімді жолы екені анық.


ПІКІР ЖАЗУ